Рим папасы әлемдегі барлық соғысты тоқтатуға шақырды
Фото: AFP via Getty Images
Рим папасы Лев XIV дәстүрлі Urbi et Orbi («Қала мен әлемге») Рождестволық үндеуінде Ресей мен Украинаны «шынайы, тікелей және өзара құрметке негізделген диалогқа» баруға шақырды. Бұл туралы ол Әулие Петр базиликасының орталық балконынан мыңдаған жиналған қауым алдында мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Понтифик өз сөзінде Украинадағы, Судан, Мали, Мьянма, Таиланд, Камбоджа және өзге де елдердегі саяси, әлеуметтік және әскери қақтығыстарға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Украина халқы стратегиялық маңызы бар қалаларға төнген қауіп жағдайында зорлық-зомбылықтан азап шегіп отыр.
Қару-жарақтың үні тыншысын. Ал қақтығысқа қатысушы тараптар халықаралық қауымдастықтың қолдауымен шынайы әрі құрметке негізделген диалогқа баруға батылдық танытсын, — деді Рим папасы.
Сондай-ақ Лев XIV Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық қақтығыстарға да тоқталып, кемінде 80 адамның өмірін қиған бұл текетіресте елдерді «ежелгі достықты қалпына келтіріп, татуласу мен бейбітшілік жолында жұмыс істеуге» үндеді.
Понтифик Америка құрлығын кесіп өтуге мәжбүр болған мигранттар мен босқындардың жағдайына да алаңдаушылық білдірді. Бұған дейін ол кедейлер мен жат жұрттықтарға көмектен бас тартуды «Құдайдың өзінен бас тартумен тең» деп атаған болатын.
Сонымен қатар Рим папасы Газа секторындағы палестиналықтардың ауыр жағдайын сынға алып, соғыстар салдарынан баспанасыз қалғандар мен қираған аймақтарға назар аударды. Оның айтуынша, соғыс тек қалаларды емес, адамдардың тағдырын да күйретеді.
Айта кетейік, Лев XIV биыл мамыр айында марқұм Франциск папаның орнына сайланып, АҚШ-та дүниеге келген алғашқы понтифик атанған. Ол өзінен бұрынғы папаға қарағанда сабырлы әрі дипломатиялық ұстанымымен ерекшеленеді және әдетте саяси мәлімдемелерден бойын аулақ ұстайды.
Дегенмен соңғы айларда понтифик Газа секторындағы гуманитарлық ахуалға бірнеше рет тоқталып, Израиль мен Палестина арасындағы көпжылдық қақтығыстың шешімі палестиналық мемлекеттің құрылуын қамтуы тиіс екенін мәлімдеген.
Пікірлер (0)