Роза Мұқанованың шығармашылық әлемі

Жаңалықтар
view 206
news

Сурет: adebiportal.kz

Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Қажығалымқызы Мұқанованың 60 жастық мерейтойына орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен «Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға еліміздің әр түкпірінен келген ғалымдар, театр режиссерлері, өнертанушылар және Германия, Түркия, Мысыр, Өзбекстан елдерінен келген аудармашы, зерттеушілер қатысып, драматург жазушының туған күніне орай ұйымдастырылып жатқан іс-шараға құттықтаулары мен ыстық ықыласты пікірлерін білдірді.

Конференцияны шымылдығын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін Мәдениет және ақпарат министрінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Руслан Әли оқып берді:

- Роза Қажығалымқызы – қазақ прозасы мен драматургиясына, өзіндік қолтаңбасын бағдар оқырманның жүрегіне жол тартқан қаламгер. Оның туындылары терең психологиялық мәнге ие. Адам жанының нәзік қырларын ашып, өмірдің күрделі салаларына жауап іздейді. Оқырман мен көрермендерді асқақ арман, өрелі ойға жетелейді. Осынау қажырлы еңбек пен шығармашылық болмыстан туған тұлғаның мерейтойына арналған бүгінгі шара Роза Қажығалымқызының әдебиет, театр, кино және педагогикадағы жарқын жолын тереңнен тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Бүгінгі алқалы жиында қаламгер шығармашылығы ғылыми тұрғыда сараланып, салмақты ой-пікірлер айтылады деген ойдамын. Баршаңызды мықты денсаулық, шығармашылық табыс, конференция жұмысына сәттілік тілеймін!»

Профессор, жазушы Роза Мұқанованың ұзақ жылдар бойы табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан, сан жүздеген болашақ өнерпаздың қанатын қатайтып, томағасын сыпырып, өнер көкжиегіне самғатып ұшырған Қазақ ұлттық өнер университеті ұжымы да құттықтау сөзін арнады. Университет ректорының м.а., профессор Нұртаза Раушан Сабыржанқызы былай лебіз білдірді.

- Қаламгер бақытты қандай болу керек десе, менің көз алдыма ұзақ келіп істейді. Өзін іздейтін шығармашылығыңдағы әр жаңалықты асыға күтетін оқырманы бар қаламгерден бақытты кім бар? Қазақ театрын «Мәңгілік бала бейне» «Сарра», «Фариза» сынды туындыларынсыз елестету қиын. Бұл туындылар әлемдік сахналарға жол тартты. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің керегесін кеңейту жолында қаламгердің қосқан үлесі зор. Профессор Роза Мұқанованы шәкірттері өте жақсы көреді. «Роза Мұқанованың шәкіртімін!» дегенді мақтанышпен айтады. Ұстаз Ұлағаты болмай, ұрпақ ұлағаты болмайды. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы атынан туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз шәкірттеріңіз ғана емес, тұтас университетіңіздің мақтанышысыз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз.

- Құрметті әріптестер! құрметті қонақтар! Шынында да бүгін Астананың төрінде, құтты ордамыз кітапханада тамаша шара басталып жатыр. Роза ханымды тек әдебиетші, драматург деп ғана қарамай, қазіргі руханияттың бағытын айқындап отырған, өзінен кейінгі жастарға білім, ғылым бағытында өнерді түсіндіріп жүрген үлкен қоғам қайраткері ретінде бағалай аламыз, - деп сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ газеттері» баспасының директоры, филология ғылымдарың докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы өз кезегінде «Қазақ газеттері» ұжымы атынан жолдаған құттықтау хатты оқыды.

- Азат Қазақстанның бүгінгі әдебиетіндегі қайталанбас шығармашылығыңызды, талғамды жұрт ізденістің, ізгіліктің рәмізіндей көреді. «Жарық дүниеден» «Сарраға» дейін, «Құдірет-Киеден» «Бопай ханымға» дейін қос жанрдағы қадау-қалау еңбегіңіз, ұлт руханиятының олжасы. Дара болмысыңыз бен қолтаңбаңыз өзіңізді әрдайым биік абыройға бөлеп, руханиятты орнынан көтергені замандастарымыз үшін де, жастар үшін де айрықша өнеге. «Егемен Қазақстаннан» бастап «Ұлан» газетімізге дейінгі тарихи басылымдардың авторы ретінде де орныңыз бөлек. Заңғар жазушы, Еңбек ері Әкім Тарази ағамызбен бірге ұл-қыз өсіріп, Ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеп, талантты буын қалыптастырдыңыз. Бұл да еңбектің жемісі. Мерейтойыңыздың аясында өзіңіз бен отбасыңызға зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылығымызға толайым табыс тілейміз!

Үш күнге созылатын халықаралық конференция ертең де жалғасын тауып, Германиядан, Түркиядан келген делегаттар жазушының шығармашылығы туралы әдістемелік курс өткізсе, қалалық театрлар автордың шығармашылығынан қойылымдар қояды.

Жақсыбек Қақан

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *