Руханиятқа басшы қала
Фотосурет: дереккөз
Әдетте үлкен шаһарға, Астанаға жақын орналасу қалаға бір жағынан үлкен мүмкіндік берсе, екінші жағынан белгілі бір қиындықтарды да қатар алып келеді. Ондай жағдайда шағын қала алып шаһардың көлеңкесінде қалып қоюы мүмкін. Әсіресе мәдениет пен руханият саласында.
Алайда сол қиындықтарды мүмкіндікке айналдыра білсе, Астанаға жақындық қаланың жедел дамуына, жаңа серпін алуына жол ашады. Қосшы осының жарқын мысалы бола білді. Қысқа уақыттың ішінде ол руханияттың ордасына айналып, Астанаға жақындығын өзінің басты артықшылығы ретінде пайдаланды.
Бүгінде елордадағы зиялы қауым өкілдері Қосшыда жиі бас қосады. Түрлі еске алу кештері мен әдеби-мәдени жиындардың Астанада емес, дәл осы Қосшыда өтуі үйреншікті құбылысқа айналды. Бұған талай мәрте куә болдық. Тіпті Астанада қолға алынбаған немесе елеусіздеу қалған бірқатар маңызды жобаның Қосшыда жүзеге асқанын көріп жүрміз.
Соның бірі – музыкалық аспап шеберлерінің республикалық байқауы мен оның алғашқы құрылтайының дәл осы Қосшыдан бастау алуы. Бұл тек өңірлік немесе елорда маңындағы емес, тұтас республика көлеміндегі ауқымды мәдени бастамалардың бірі болды. Сондай-ақ Қосшының кітапханасы мен мәдениет орталығы бүгінде рухани басқосулардың, әдеби кештердің, мәдени іс-шаралардың тұрақты орталығына айналып келеді.
Мұны да бірнеше мәрте көріп, куә болып жүрміз. Әрине, мұның бәрі – алдымен Қосшы қаласы басшылығының, әсіресе ішкі саясат, мәдениет және руханият саласына жауапты азаматтардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Сонымен бірге мұны Қосшыға жанашырлық танытып, қаланың рухани өміріне белсене араласып жүрген жергілікті азаматтардың қолдауы мен ортақ еңбегінің жемісі деп бағалаған жөн. Астанаға жақын орналасуының тағы бір артықшылығы – Қосшыда өтетін үлкен іс-шараларға қатысу көпшілікке, соның ішінде елорда тұрғындарына да қолайлы. Сондықтан біз де бөліп-жармай, Астана тұрғындары ретінде Қосшыдағы көптеген мәдени-рухани жиынға тұрақты қатысып келеміз.
Осының өзі-ақ Қосшының небәрі бес жылдың ішінде үлкен рухани орталыққа айнала бастағанын айқын көрсетеді. Бір шарада айтқанымыздай, «Қосшы Астанаға қосшы болғанмен, руханиятқа басшы болды» деген сөздің астарында осы шындық жатыр. Бүгінде Қосшыда елімізге белгілі ақындар, күйшілер, айтыскерлер, қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің аз емес бөлігі тұрып жатыр.
Олар да жас қаланың рухани ортасын қалыптастыруға, мәдени өмірін жандандыруға өз үлестерін қосып, аянбай еңбек етіп келеді.
Сондықтан Қосшы қаласының алғашқы бес жылдық белесі құтты болсын! Алдағы уақытта экономикасы мен инфрақұрылымы ғана емес, руханияты мен мәдениеті де жаңа белестерді бағындырып, қарқынды дамып, өркендей берсін.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Академик, мемлекет және қоғам қайраткері:
Пікірлер (0)