Қосшы – Жаңа Қазақстанның жарқын келбеті

Жаңалықтар
view 30
news

Фотосурет: дереккөз

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 27 шілдедегі Жарлығымен Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді.

Биыл жас қаланың осы тарихи шешім қабылданғанына бес жыл толып отыр. Біздің ойымызша, бүгінгі Қосшының қарқынды дамуы – Жаңа Қазақстанның нақты жетістігінің айқын көрінісі. Аз ғана уақыттың ішінде қала әлеуметтік, инфрақұрылымдық және мәдени тұрғыдан үлкен өзгерістерге қол жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында бұл шешім алдымен Қосшы тұрғындарының тұрмысын жеңілдету үшін қабылданғанын атап өтті.

Бұл Мемлекет басшысының: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын!» деген ұстанымымен үндеседі. Қосшының дамуына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың ерекше көңіл бөліп келе жатқанын жұрт жақсы біледі.

Ол әрдайым: «Қосшы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жобасы. Біз Қосшыны Қазақстанның ең көрікті әрі тұрғындарға жайлы заманауи қаласына айналдыруымыз керек», – деп айтып келеді.

Бес жыл бұрын қала мәртебесін алған кездегі Қосшының әлеуметтік мәселелері өте күрделі болатын. Соның ең ауыры – үлескерлердің мәселесі еді. 2013 жылы қаржы салған 110 отбасы 11 жыл бойы не пәтеріне, не ақшасына қол жеткізе алмай, үлкен қиындық көрді.

Ақыры бұл мәселе шешімін тапты. Облыс әкімі Марат Ахметжанов 110 отбасыға жаңа пәтерлерінің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Он бір жыл бойы тоқтап тұрған құрылыс небәрі тоғыз айдың ішінде аяқталды. Сол күні тұрғындардың қуанышы мен көз жасы бәріне әсер етті.

Қосшы тұрғыны Гүлнар Мермұқанова: «Сіз халықтың нағыз жанашыр әкімісіз», – деп облыс басшысына шынайы ризашылығын білдірді.

Бұл – қарапайым халықтың жүректен шыққан бағасы. Өз сөзінде Марат Ахметжанов бұл жұмыстардың барлығы Президент тапсырмаларын орындау жолындағы міндет екенін айтып,

Қосшының дамуы Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін жеткізді. Қосшы бүгінде тек құрылысымен ғана емес, мәдени өмірімен де ерекшеленіп келеді. Президент Ұлттық құрылтайда өңірлердегі театрларды дамыту қажеттігін атап өтсе, Қосшыда тұрғындардың көптен күткен «Qosshy» ойын-сауық театры ашылып, алғашқы қойылымын сахналады.

Сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған шарада 307 жұптың бір мезетте вальс билеуі GLOBAL BOOK OF RECORDS кітабына тіркеліп, Қосшының мәдени өмірінің жаңа белесін көрсетті. Облыс әкімі жақын уақытта 450 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталатынын жариялап, Қосшының мәдени әлеуетін одан әрі дамытуға басымдық берілетінін айтты. Театр сахнасында айтылған «Қосшыға әуежай да, LRT де келеді» деген үмітті сөздер бүгінде шындыққа айнала бастағандай. Қосшыға LRT желісінің тартылуы – қаланың болашағына деген сенімнің, еліміздің өркендеуінің нақты белгісі.

Бес жылдың ішінде Қосшы Жаңа Қазақстанның дамуы мен жаңғыруының жарқын үлгісіне айналды. Қаланың бүгінгі жетістіктері – Мемлекет басшысы бастаған реформалардың, жергілікті биліктің жүйелі жұмысының және халықтың сенімінің нәтижесі. Қосшының келешегі бұдан да кемел боларына сенім мол.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Ақмола облысының құрметті азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері:

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *