Салтанат Нүкенованың адвокаты қазақстандық әйелдерге үндеу жасады
Фото: из личного архива Жанны Уразбаховой
Танымал қазақстандық адвокат Жанна Уразбахова өз Instagram парақшасында қазақстандық әйелдерге үндеу жасады, деп хабарлайды Liter.kz.
"4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні. Дәл осы күні мен жыл сайынғы медициналық тексеруімді аяқтадым", – деп бөлісті адвокат.
Ол әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар мен өлім-жітім көрсеткіштері туралы деректерді келтірді. 2024 жылы Қазақстанда 5600 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталған. Онкологтар 1237 әйелден аналық без обырын, 1321 әйелден жатыр денесінің қатерлі ісігін, ал 1921 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігін анықтады.
"Ал жатыр мойны обырының алдын алатын вакцина бар. Ол бұл аурудың пайда болу қаупін 90%-ға төмендетеді. Өткен жылы Қазақстанда 11-13 жас аралығындағы қыздарға адам папилломавирусына (ВПЧ) қарсы вакцинация тегін жүргізіле бастады. Алайда осы жастағы қыздардың тек 13%-ы ғана вакцина алды. Бұл вакцинаны жыныстық өмір басталғанға дейін салдыру қажет, сонда ол мыңдаған әйелдерді ең қатерлі аурудан құтқарып, 90%-ға дейін ауру қаупін төмендете алады", – деп атап өтті Жанна Уразбахова.
Адвокат 2024 жылғы өлім-жітім көрсеткіштерін де келтірді:
- Сүт безі қатерлі ісігінен – 1033 әйел қайтыс болды
- Жатыр мойны қатерлі ісігінен – 468 әйел қайтыс болды
- Аналық без обырынан – 488 әйел қайтыс болды
- Жатыр денесінің қатерлі ісігінен – 218 әйел көз жұмды
"Бұл әйелдер – біреудің анасы, жары, қызы. Олар өмір сүргісі келді, саяхаттауды армандады, балаларының үйлену тойын көргісі келді, немерелерін тәрбиелегісі келді. Бірақ олар енді ешқашан бұл армандарына жете алмайды", – деп жазды адвокат.
Жанна Уразбахова Қазақстанда барлық қажетті диагностикалық және емдеу процедуралары, химиотерапия, таргеттік терапия бар екенін және бұл ем-шаралардың барлығы тегін жүргізілетінін атап өтті.
"Біздің әйелдер үнемі үй шаруасымен, жұмысымен, күйеуімен, балалары және ата-анасымен айналысып жүреді. Өзіне уақыт таба алмайды. Дәрігерге барудан да маңызды істер шығып жатады. Бірақ денсаулық – ең бастысы! Сондықтан әрбір әйел өзіне уақыт бөліп, тексеруден өтуі керек", – деп түйіндеді заңгер.
Пікірлер (0)