Шавкат Рахмонов октагонға қайта шығуға дайындалып жатыр

Жаңалықтар
view 52
news

Фотосурет: YouTube.com

UFC-дің жеңіліп көрмеген қазақстандық жауынгері Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін алғаш рет әлеуметтік желіде жазба жариялап, келесі жекпе-жекке белсенді түрде дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

Ол өз жазбасын бүгін, Х әлеуметтік желісіне жариялады.

Күн сайын жаттығуда бар күшімді салып жатырмын. Жақында ораламын, октагонға қайта шығуды асыға күтемін, – деп жазды қазақстандық спортшы.

Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Шавкат Рахмонов жарақат алып, америкалық промоушенмен қоштасады деген ақпарат тараған болатын.

Бір күн бұрын ағылшынтілді Twitter парақшаларында Рахмоновтың тізесінен жарақат алып, бірнеше ай бойы жекпе-жекке шыға алмайтыны туралы жазбалар пайда болған. Ал орыстілді MMA қауымдастығында одан да даулы мәлімдеме жарияланып, Рахмонов енді UFC-де өнер көрсетпейді деген болжам айтылған.

Алайда көп ұзамай Рахмонов жаттығатын Dar Team командасының әлеуметтік желідегі парақшаларында спортшының жарақатсыз жаттығып жүргенін көрсететін фото және видео материалдар жарияланды.

Tengri Sport тілшісі Рахмоновтың бапкері Эдуард Базровқа хабарласып, пікір сұрағанда, ол шәкіртінің қазіргі жағдайы туралы нақты ақпарат білмейтінін айтқан.

Ал Vesti.kz тілшілері Рахмоновтың менеджері Саят Абдрахмановқа жүгінгенде, ол «тараған ақпарат шындыққа жанаспайды» деп түсіндірген.

Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында ирландиялық Иан Гэрриге қарсы шыққан болатын. Бұл кездесуде алғаш рет жекпе-жек толық уақытқа созылып, төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берген.

2025 жылдың мамырында ол америкалық Белал Мұхаммедпен титулдық жекпе-жек өткізуге тиіс еді, бірақ Шавкаттың өзі 10 мамырдағы турнирге дайын болмаған.

Сол кезде бапкері Эдуард Базров Tengri Sport-қа берген сұхбатында Шавкаттың толық қалпына келуге уақыт жетпегенін айтқан, ал жауынгердің өзі әлеуметтік желіде жарақат алғанын хабарлаған еді.

30 жастағы Шавкат Рахмонов – жартылай орта салмақ дәрежесіндегі рейтингтің 3-нөмірі және қазақстандық ММА тарихындағы титулдық жекпе-жекке шыққан тұңғыш спортшы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *