Семейде Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» және «Бату хан» тарихи романдарының тұсаукесер рәсімі өтті

Жаңалықтар
view 272
news

Фото: Абай облысы әкімдігі

Тәуелсіздік күні қарсаңында Семей қаласында жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» және «Бату хан» тарихи романдарының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы жарық көрді

Бұл туралы журналист, Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы өзінің facebook-парақшасында жазды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарында қазақстандық патриотизм ел тарихына, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарға құрметпен қарау арқылы қалыптасатыны айқын көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жошы хан мен Бату хан сынды тарихи тұлғаларға арналған романдардың таныстырылуы – ұлттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.

Бұл тағылымды іс-шара Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының қолдауымен, Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Рухани жиынға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қаламгерлер, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен болашақ тарихшылар, студент жастар қатысты, - деп жазды ол.

Жарқын Түсіпбекұлының айтуынша, кітаптың тұсаукесері барысында зиялы қауым жаңа туындыға зор бағасын берген.

Аталған қос шығарма тарихи тұлғаларды көркемдік пен деректілік тұрғысынан жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл – тарихи сананы жаңғырту жолындағы баға жетпес рухани қазына.

Өз кезегінде Ұларбек Дәлейұлы романдардың жазылу мақсаты мен идеялық мазмұнына кеңінен тоқталып, еңбектердің тарихқа деген терең құрметтен туғанын атап өтті. Алғашқы тиражы 2 000 дана болып жарық көрген кітаптар бүгінде оқырман тарапынан жоғары сұранысқа ие.

Тұсаукесер барысында зиялы қауым өкілдері жаңа туындыларға жоғары баға беріп, олардың жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастырудағы маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шара соңында Ұларбек Дәлейұлына Абай облысы әкімінің Алғыс хаты табысталып, қазақтың дәстүріне сай иығына шапан жабылды.

Ұлт тарихын ұлықтайтын осындай еңбектер көбейе берсін! – деп жазды ол.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *