Семейде жоғалып кетіп, артынша денесі табылған қыздың өлімі: Туған анасы күдікті деп танылды
Сурет: интернеттен
Абай облысында бір апта бұрын із-түзсіз жоғалған қыздың өлі денесі табылды. 30 жастағы Динара Досымбекованың өліміне кінәлі деген күдікпен анасы қамауға алынды, деп хабарлайды Janabastau.kz тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Марқұм 26 мамыр күні жоғалып кеткен. Оның із-түзсіз жоғалғанын айтып анасы полицияға арыз түсіріпті. Ол "ауылдан Семей қаласына бармақ болып, қызы таксиге мініп кеткенін" айтқан. Алайда қаладағы бейнебақылау камераларын түгел тексеріп шыққан полиция қызметкерлері Динараны таппады. Тек бір аптадан кейін өз қызын өлтіріп, мүрдесін жасырып тастады деген күдікпен анасы ұсталды. Қазір әйел қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.
"Полиция қызметкерлері қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 жастағы қыздың жоғалып кету мән-жайы анықталды. Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті әйел қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды", - деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Елдос Зәкімов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Семейге жол-жөнекей көлікке отырып, жоғалған қыздың денесі табылғанын және күдіктінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.
Пікірлер (0)