Шерзаттың өлімінен кейін: “Талғарлық система“ деген не? Арнайы репортаж
Фото ашық дереккөзден
Елді мекендегі резонанс қылмыстың ғана емес, жергілікті биліктің біраз шикіліктерін ашып берді. Ушыққаны соншалық, әлеуметтік желілерде жағдайды қасақана ушықтырып, елдегі тыныштықты шайқағысы келіп, әркім өзінің пайдасы мен айласын асырып жатыр. Оқиға салдарынан елді мекенде жаңа өмір орнату үшін бір топ басшылық келді. Біз елді мекенге жағдайды, халық ахуалын көзімізбен көру үшін бардық. Мақсат - Шерзат Болаттың өлімін зерттеу емес, ол туып-өскен ауылдың әлеуметімен танысу. Өйткені тұрмысы төмендеген ауылдың қылмысы өркендейді деген түсінік бар. Елді мекен туралы осындай түйін жасауға негіз бар ма, жоқ па, соны анықтауға тырысамыз. Біз үрейден кейінгі үміттің сәулесін іздеп келдік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ТҮНГІ ТАЛҒАР ҚОРҚЫНЫШТАРЫ: ЖАРЫҚСЫЗ КӨШЕЛЕР
Бұл - киноның қадрлары емес, шынайы өмір. Талғардың түнгі көрінісі қорқынышты.
Үмітпен бірге алдымен көшеде жарық шамдарының сәулесін іздеуге тура келді. Көшелердің басым бөлігінде жарық шамдары орнатылмаған.
Бізге хабарласып, шақырған халықтың өзегіндегі негізгі мәселе - қауіпсіздік. Ауылда бұзақылық шегіне жеткен, халқы түнде жүруге қорқады.
"Бар, иә, бірталай көшелер бар. Жалғыз бұл емес. Өстіп келеміз жұмыстан, мына қараңғымен барамыз, анау жарыққа барғанда "уһ" дейміз, дым көрінбейді", - дейді біз алғаш болып кездестірген Талғардың тұрғыны Жанар Сұлтанқұл.
"Анау үйден бұрылғаннан соң, артында мектеп тұр, әне - 6-мектеп. Міне, мына көшенің балаларының бәрі сонда оқиды, түнде қайтады. Қазір мысалы сағат 4-те кеш батады. Олар сағат 7-8-де шығады. Сабақтары 2-де басталады. Қалай жетеді? Міне, көше қараңғы. Мына тұйық көше, қазір былай қарай кетеді, ол да қараңғы".
"Топырлап жігіттер жүрсе қорқасың. Көп жерде полицей жүруі мүмкін, бірақ көп кезде көрмейміз оларды. Ішіп алған адамдардан қорқасың. Тиіскен кездері болды. Есімде қалғаны, ой айтпай қойсам бола ма? Тиіскенде ақша сұрайды, қасыңа келген кезде. Жоқ деп айтқанның өзінде артыңнан келе жатады. Жүріп келе жатып ақша сұрап, "ақша бар ма, бер" деген сияқты, бірақ магазинге кіріп кетуге тырысамын ондай кезде", - дейді біз қараңғы түнде алғашқы болып кездестірген талғарлық тұрғын Аружан Серік.
Жанар Сұлтанқұл есімді тұрғын қаладағы қауіпсіздік пен жарық мәселесі соңғы кезде ғана қолға алынып жатқанын атап өтті: "Өткендегі Шерзаттың оқиғасынан кейін бұл жағдай өзгерді, бұған дейін тіпті қолға алынбаған мәселелер қозғалуда. Бәрі көзге елемей жүрді да, халық өзі көтермесе қала беретін секілді".
Қала бермейді! Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков мырза осылай деп сендірді. Кедергі болып тұрған қаражат, келесі жылдың бюджетін жоспарлап, шамдарды да есепке алдық деп отыр.
"Енді өзіңіз білесіз ғой, біз қаражатты алдын ала жоспарлаймыз. Осы жылы, мысалы, 12 көшеге шам жүргіздік, келесі жылы толық бітіреміз".
Әзірге қауіпсіздік сенімді қолда дейді облыстың бас полицейі. Кеңсесі Қонаевта болғанмен, күнде Талғарға өзі келетінін айтады: "Талғарда жағдай тыныш. Біздің қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тәртіп бұзушылықтар болып жатқан жоқ. Қоғамдық орындарда, көшелерде полиция патруль жұмыстарын жүргізіп, зерделеп жатыр. Қай жерде адам шоғырланып жатыр? Қай жерде қылмыстар болып жатыр, жастар мас күйінде жүреді. Соларға полицейлер жіберіп жатырмыз.
ТАЛҒАРЛЫҚ СИСТЕМА: АЙТЫЛҒАНМЕН ТІРКЕЛМЕЙДІ. НЕГЕ?
Бәлкім, қырсыққанда осындай сәйкестік болған шығар. Біз Талғарды аралаған түні патрульді кездестірген жоқпыз. Есесіне, көргеніміз - жұмыс жасамай тұрған полиция бекеті.
Біз түнгі қаладағы жастарды да тілге тарттық. Сөздеріне сенсек, көшеде жастар өздерінің "системасын" орнатып алғанға ұқсайды. Талғарлықтардың бірі тартып жесе, бірі қорғанып әлек. 18 жастағы студент Әміржан бұны ашық айтты: "Иә, қорқынышты, мұнда әлі 90- жылдардағы түсінік қалып кеткен. Қалыптасқан жүйе бар, үлкендерге бағыну, ауданның "системасы" дегендей, оларды тыңдайды, барлық талаптарын орындайды.
"Негізі қорқыныштылау секілді. Әсіресе 15-17 жастағы жасөспірім балаларға, ақылын тоқтатпағандарға қиын болады. Төбелес бұл жақта көбінесе сондай ғой. Жүйе бәрібір бар ғой".
Мұны кәмелеттік жасқа жетпеген оқушы (есімін жасыруды сұрады) да растады: "Шерзаттың өмірінен кейін қорқамын. Система дейтін бар, мысалы, былай қит етсе болды, тұрғызып қойып ұрады. Ақша шығарады, біреуге тиісіп қойғаны үшін ақша шығарады. Мысалы, "касяк" істеп қойдың ғой? Сол үшін ұрады. Ал №1 бірінші мектепте Аллаға шүкір, "система" жоқ. Аманбыз".
Талғарлық "система" туралы сауалды біз Алматы облыстық полиция департаментінің жаңа басшысы Мейрам Әбікеевке қойған едік. Ол осы уақытқа дейін бұл туралы бірде-бір арыз түспегенін айтады.
"Жоқ, енді бұл бізде "Участок" деген профилактикалық іс-шара болды. Сонымен үй-үйді аралап, ювеналды полициялар, жедел уәкілдер мектептерге барып тұрады. Сол мектептерде мұғалімдермен, мектеп директорларымен, балалармен жұмыс жүргізеді. Ондай мәліметер түскен жоқ", - дейді ол.
Есесіне, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков мұндай әңгіменің шетін естігенін мойындады. "Енді бізде мектептерге бекітілген ОДН дейміз ғой, жетпейді. Мысалы, бір ОДН екі мектепке беріледі. Екі кейде үш мектепке беріледі. Енді ондай бар дейді, бірақ нақты ондай арыздар жоқ. Жазады, кейін балалық дейді. Дегенмен де бекерден-бекер шықпайды ғой, жұмыс істейміз олармен", - деп уәде берді.
Олармен жұмыс істейтін облыстық полиция департаментінің бастығы - жағдайды тікелей өзі бақылап отыр. Өйтпеске болмайды. Өйткені өзімен бірге Талғардың бас полицейі де жаңадан келген.
"Тағайындадық, жаңа басшыға талаптарды қойдық. Ол да түсінеді қандай жағдай болып жатқанын Талғарда. Әр түскен арызды, әр адамды жақсылап қарап, мына жерде басшылармен, менімен ақылдасып, күнделікті бақылауға алып отырмыз оның да жұмысын. Күнделікті өзім де хабарласып, барып тексеріп отырмын".
Облыс басшылығының өзі келіп тексеруді талап ететін Талғарда мәселе жетеді.
Пікірлер (0)