Степногорск қаласына жаңа әкім тағайындалды
Сурет: Ашық дереккөзден алынды
Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 13 қарашадағы өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, сондай-ақ мәслихат депутаттарының мақұлдауымен Степногорск қаласының әкімі болып Гайдар Қасенов тағайындалды. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды.
Степногорск қаласының жаңа әкімін облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қала активіне таныстырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұрынғы әкім Алпысбай Қайыржановқа алғысын білдіріп, жаңа әкімге сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Гайдар Қасеновке қаланы дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар міндеттер жүктелді.
«Бүгінгі күні жылыту маусымында қала әкімі үшін ең басты міндет – халықты және әлеуметтік нысандарды жылумен үздіксіз және тұрақты қамтамасыз ету. Сондай-ақ, сумен жабдықтау нысандарының жұмысын аяқтау және оларды уақытында іске қосу ерекше бақылауда болуы қажет», - деп атап өтті Е.Рамазанов.
Сонымен қатар, Степногорск қаласының әкімдігіне инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғын үй құрылысы бойынша нақты жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Пікірлер (0)