Сырымбек Тау: Қоғамға пайдаңды тигізу үшін міндетті түрде партияда болудың қажеті жоқ

Жаңалықтар
view 37
news

Фотосурет ашық дереккөз

Қоғамға пайда келтіру үшін міндетті түрде белгілі бір партияның мүшесі немесе қоғамдық ұйымның өкілі болудың қажеті жоқ. Ең бастысы – әр адамның өз орнында адал еңбек етіп, айналасына пайдасын тигізуі. Бұл туралы кәсіпкер Сырымбек Тау айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

«Партияда боласың ба, болмайсың ба – мәселе онда емес. Қоғамға аз да болса үлесіңді қоссаң, соның өзі – үлкен пайда», – дейді ол.

Кәсіпкер осы ойын түсіндіру үшін әлеуметтік желіден көрген бір жағдайды мысалға келтірді.

Оның айтуынша, бірнеше жұмысшы түскі үзіліс кезінде ағаштың көлеңкесінде отырып тамақтанған. Алайда мұны көрген кейбір адамдар олардың күнделікті еңбегіне, жасап жүрген жұмысына мән берудің орнына жұмысшыларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

Сырымбек Таудың пікірінше, қоғамға нақты еңбегімен пайдасын тигізіп жүрген қарапайым жұмысшыларды сырттай сынау немесе олардың әрекетін келемеждеу дұрыс емес. Керісінше, әр адам еңбек етіп жүрген жанның қадірін түсініп, мүмкіндігінше оған кедергі жасамауы керек.

«Соларды сынаған адамнан көшені сыпырып, тазалап жүрген қарапайым еңбек адамының қоғамға пайдасы жүз есе артық. Қолыңнан ештеңе келмей ме – ең болмаса жұмыс істеп жүрген адамға тиіспе. Еңбек етіп жатқан адам бар ғой, соған кедергі жасама. Ал “менен не пайда?” деу – адамның өзін төмендетуі», – деді Сырымбек Тау.

Кәсіпкердің айтуынша, қоғамның дамуы тек үлкен бастамалар мен биік мінберлердегі сөздерден тұрмайды. Күнделікті адал еңбек ету, өз міндетіңді жауапкершілікпен орындау, айналаңдағы адамдарға құрметпен қарау және қоғамға аз да болса нақты пайда келтірудің өзі азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *