Талғарда кісі өлтірген күдіктінің анасы бар сырын айтты (ВИДЕО)
Фотосурет: дереккөз
Талғарда кісі өлтірген күдіктінің анасы баласының бұрын мұндай әрекетке баратын мінез-құлқы болмағанын, әлеуметтік желідегі көптеген алып-қашпа сөздің ешқайсысы шындыққа жанаспайтынын, оны осындай күйге жеткізген Аружан Тұрғынбек пен оның ағасы екенін айтып берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Менің балам қолымен істегенін мойнымен көтереді. Айтпағым, баламның не үшін сондай ауыр қылмысқа барғанын жұрт білсін. Ол ешқашан ешкімді ренжітпейтін жуас еді. Еламан мен Аружанның қыз бен жігіт болып кездесіп жүргеніне жарты жылдан асты. Аружанды келін қыламыз деп ниеттеніп, басына орамал да салдық. Одан кейін де біздің үйге келіп, қызымен бірге қонып жүрді. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бір күні Аружан ағасы, жеңгесімен бірге қосылып, үйге келіп айқай-шу шығарып, Еламан оның жеке суреттерін ел-жұртқа таратып жүргенін айтты, – дейді анасы Шынар Айғазинова.
Оның айтуынша, сол күні Еламан Айғазиновтың үйіне полиция шақыртып, Аружан Тұрғынбек ағасымен қосылып өздеріне неше түрлі қоқан-лоққы көрсеткен. Сонымен қатар оқиға болардан үш күн бұрын күдіктіні қайтыс болған Ернар Тұрғынбек алдап шақырып, бірнеше жігітпен қосылып ұрып кеткен екен.

Баламды Аружанның ағасы татуласамыз деп алдап шақырып алып, аяусыз тепкінің астына алған. Жай ғана ұрып қоймай, ар-намысына тиетін сөздер айтып және онысын телефонға түсірген, – дейді күдіктінің анасы.
Осылайша, Еламан Айғазиновтың қылмысқа баруына Аружан Тұрғынбектің марқұм ағасының өзі себепші болған көрінеді.

Балам сол күні Ернар ұрып тастаған соң үйге жедел жәрдем шақырып, алған ауыр соққыларынан қиналып жатты. Ертесіне тұрып, үйден шығып, бір күнге жоқ болды. Ешқандай байланысқа шықпады. Келесі күні маған хабарласып, «мама, мен кісі өлтіріп қойдым» деді, – дейді Шынар Айғазинова.
Сондай-ақ ол баласының ешқашан ащы суға әуестенбегенін, алайда Аружан Тұрғынбектің көзіне шөп салғанын ұстап алып, содан араққа сылқия тойып алған кездері болғанын да айтты. Оған қоса, Аружан Тұрғынбектің туысы әрі адвокаты Гаухар Сариева айтқан зорлау мен интимдік суреттерді тарату, несие рәсімдеу фактілерінің барлығын жоққа шығарды.
Сонымен қатар оқиға болған күні Аружанның 3 жастағы қызын кепілдікке алу ниеті болмағанын, бүлдіршін Еламан Айғазиновтың алдынан «папа» деп жүгіріп шыққан соң көтеріп алып кеткенін, артынан Аружан келіп, алып кетеді деп ойлағанын айтады анасы.
Пікірлер (0)