Америкалық сарапшылар Украина аумағынан тыс қақтығыстың ұлғаю қаупіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, әңгіме екі ел туралы, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Сарапшылардың пікірі
The Washington Post басылымы Йорктаун институтының президенті әрі аға ғылыми қызметкері Сет Кроспи мен Джозеф Эпштейннің пікірін келтіреді. Олардың пайымдауынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинадан тыс аумақтарда қақтығысты өршіту кезеңіне көшкен.
Сарапшылардың айтуынша, «ескерту белгілері» Қазақстан мен Арменияда байқалып отыр. Олар Ресейдің Украинадағыдай ауқымды басқыншылықты қайталауға шамасы жетпейтінін, алайда Кремль ықпал ету, дезинформация тарату, тұрақсыздық тудыру және тіпті әскери не барлау операцияларын жасырын жүргізу тактикасына жүгінуі мүмкін екенін айтады.
Мақалада Қазақстанның солтүстік өңірлерінде, этникалық орыстар көбірек шоғырланған аймақтарда, ресейлік арнайы қызметтердің тұрақсыздық орнатуға тырысқаны атап өтіледі. The Washington Post авторлары мұны Кремльдің Украинаға қатысты ұстанымына ұқсас тәсіл деп бағалайды: яғни орыстілді өңірлерде алауыздық тудыру, өзіне жақын олигархтарды қолдау (мысал ретінде Виктор Медведчук аталады) және жергілікті православие шіркеуінің ықпалын пайдалану.
Қазақстанның ең тиімді қорғанысы
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Ресей алдында «ерекше осал» жағдайда тұр — себебі елдің әскери әлеуеті Украинамен салыстырғанда әлсіз, ал шекарасы ұзын әрі іс жүзінде күзетсіз.
Кроспи мен Эпштейн тікелей шабуылдың ықтималдығына күмәнмен қарайды, бірақ Путин мұндай әрекетке алғышарттар жасауы мүмкін дейді. Олардың пайымынша, «Қазақстанның ең тиімді қорғанысы» — Қытаймен, Түркиямен, АҚШ-пен және Еуроодақпен байланыстарды нығайту, бұл Ресей агрессиясының саяси және экономикалық салдарын күшейтеді.
Мақалада сондай-ақ ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты бірнеше рет «ешқашан мемлекеттілігі болмаған ел» деген мәлімдемелер жасағаны, ал ресейлік БАҚ Қазақстан билігін жиі «орысқұмарлыққа қарсы» деп айыптап, Қырым мен Донбасс жағдайымен салыстырулар жүргізіп келетіні еске салынады.
Пікірлер (0)