ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
Руханият
215
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні және ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында тіл жанашырларының қатысуымен жиын өтті.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба тіл саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, терминдерді біріздендіру, ұлттық корпустың базасын қалыптастыру, қазақ тілінің қолданысын арттыруға бағытталған ІТ-жобаларды іске асыру, көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру, қазақ тілін қоғамдық орындарға енгізуге бағытталған шараларды іске асыру, өңірлердегі тіл оқыту орталықтары арқылы, сондай-ақ «Abai.institute» жобасы арқылы шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқыту, өңірлердегі жексембілік мектептер арқылы қазақ және ана тілдерін оқыту, көпшілік қолданып жүрген электронды қосымшаларды қазақшаландыру, түрлі ортологиялық еңбектер басып шығару, ересектерге тіл оқыту әдістемесін жетілдіру және т.б. бағыттарда жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Тіл саясатын ілгерілетудегі өңірлік басқармалар мен тіл жанашырларының да еңбегін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, кеше Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам.» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Қазақстан құрудың саяси-экономикалық, әлеуметтік алғышарттары болатын бағдарын айқындап берді. Бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек.
Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлікті ынталандыру, бәсекелестікті дамыту, ұлттық табысты әділ бөлу, экономиканың тұрақты өсуі, инвестиция тарту, құрылыс секторын, ауыл шаруашылығын дамыту, игерілмей жатқан жерді қайтару, денсаулық сақтау, білім беру салаларына баса назар аударылды» - деді Әділбек Қаба.
Биыл Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылып белгіленгені мәлім.
Ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО аясында әлемдік деңгейде атап өтілуде.
5 қыркүйекте Торғай өңірінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың қатысуымен кең көлемде мерекеленетін болады. Мемлекет басшысының Торғай өңіріне сапары ұлт ұстазына, тілге деген үлкен құрмет екені анық.
Комитет төрағасының айтуынша биыл ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтеріненіздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар тіл білімін, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіре түсуге жаңа мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Бүгінгі күні «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісі, мерейтойлық пошта маркалары, коллекциялық монеталар әзірленіп, айналымға шықты. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақстан Республикасының гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығын тағайындау жұмысыжүргізілуде.
Әділбек Қаба Тіл саясаты комитеті мүдделі мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғамдық субъектілерімен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар одан әрі жалғасатынын жеткізіп, өңірлердегі тілдерді дамыту басқармаларының қызметкерлері мен тіл оқыту орталықтарының оқытушылары, тілші-ғалымдар, тіл үйрету жобаларының авторлары, ұлттық компания өкілдері, ана тілімізге қолдау көрсетіп жүрген тіл жанашырларын Құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапаттады.
Пікірлер (0)