Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, өлтірген ер адам сотталды
Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлау және өлтіру жөніндегі резонансты іс бойынша сот нүкте қойды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлағандардың ісі жабылып қалған
Түркістан облысында 71 жастағы ер адам 15 жастағы көрші қызды зорлаған
Сотталушыға ең жоғарғы жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сондай-ақ ол қаза тапқан қыздың отбасына 50 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Телеарнаның мәліметінше, сот барысында күдікті өз кінәсін толық мойындамаған, алайда сот тергеу ұсынған дәлелдерді жеткілікті әрі сенімді деп таныды.
«Исамединовқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, сондай-ақ педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленсін», — деп үкімді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев оқыды.
Жантүршігерлік қылмыс биыл маусым айында Ордабасы ауданының Төрткүл ауылында болған. Колледж студенті дүкендегі жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан кезде жоғалып кеткен. Келесі күні полиция оның мәйітін балабақша маңынан тапқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен сауда нүктесінің жанында жұмыс істеген шетелдік азамат ұсталды.
Құқық қорғаушылар тергеудің барынша ашық жүргізілуін талап етіп, бұл істің қоғам назарында болуы және тергеу барысының ашықтығы аса маңызды екенін атап өтті.
Қылмыстық іс үш бап бойынша қозғалды: «Адам өлтіру», «Зорлау» және «Зорлық-зомбылықпен жасалған жыныстық сипаттағы әрекеттер».
Сот отырысы жабық режимде өтті.
Пікірлер (0)