Үш жасар бала терезеден құлаған
Редакция таңдауы
145
Баланың төртінші қабаттың терезесінен құлауына байланысты кезекті жазатайым оқиға Ақмола облысында орын алды, деп хабарлайды Liter.kz. Алдын алу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, қайғылы жағдайлар орын алуда.
21 шілдеде Қосшы қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жедел жәрдем станциясына баланың төртінші қабаттың терезесінен құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Үш жасар қыз ересектердің қарауынсыз қалып, қызығушылықпен терезеге көтеріліп, құлап кеткені анықталды. Бас миының жабық жарақатын алған, миы шайқалған және қабырғалары сынған бала Астана қаласының №2 қалалық балалар ауруханасында жатыр.
Балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін полицейлер ата-аналарға жас балаларды терезелері ашық бөлмеде қараусыз қалдырмауға, терезелердің жанына жиһаз қоймауға кеңес береді, деп хабарлайды аймақтың Полиция департаменті.
Статистикаға сүйенсек, елімізде терезеден құлау балалар жарақаты мен өлімнің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Қосшы қаласының төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті әкімдіктің, полиция бөлімінің қызметкерлері, еріктілер бірлесіп, бұл бағыттағы тиісті жұмысты тұрақты түрде жүргізеді. Олар үй-үйді аралап, қауіпсіздік ережелері жайлы ескертіп, жадынамаларды таратады.
– «Жазғы уақытта балалар көп уақыттарын үйде өткізеді. Сондықтан оларды қараусыз қалдыруға болмайды. Ата-аналар мен туыстары үйден шығып кетуі немесе өз шаруаларымен алаңсыз айналысуы мүмкін. Оған қоса, ыстық күндері пәтер иелері бөлмелерін жиі желдетеді. Ал бүлдіршіндер терезенің қаншалықты қауіпті екенін білмей, ойнап жүреді де, құлап кетеді», – дейді Қосшы қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Коржумбаев.
Мамандардың айтуынша, терезеден құлау жағдайлары көбінесе ата-аналар балаларын қараусыз қалдырған кезде болады. Сондықтан кішкентай ұл-қыздарыңызды жалғыз қалдырмаңыз, ешқашан москит торларына сенбеңіз. Олар құлаудан қорғауға арналмаған. Мүмкіндігіңізше терезелерді төменнен емес, жоғарыдан ашыңыз. Бала бар үйде кем дегенде бекіткіштер болуы керек. Өз балаларыңызды тәрбиелеу, күтіп-бағу және оқыту жөніндегі ата-ана міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік барын ұмытпаңыз.
Жанар АХМЕТОВА
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Редакция таңдауы
Астанада әйелдің басына лифтінің плиткасы құлап, миы шайқалды
Пікірлер (0)