Халықты су тасқынынан құтқаруға келген құтқарушы қайтыс болды
Фотосурет: СҚО ТЖД
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына су тасқынымен күреске көмекке келген түркістандық құтқарушы кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды janabastau.kz.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 сәуірге қараған түні 45 жастағы Бекжан Балданов Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың реанимация бөліміне түскен. Ол жіті миокард инфарктісі себебінен қайтыс болды.
"Бекжан Балданов Тайынша қаласына 1 сәуірде Түркістан облысының күштері мен құралдары тобының құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсету үшін келген. 1 сәуірде кешке өзін нашар сезініп жатқанына шағымданып, ауруханаға түсті. Ол Петропавл қаласына санавиация көмегімен ауруханаға жатуға дайындалды.
Төтенше жағдайлар министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі командирдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Бекжан Балданов Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі болып еңбек еткен.
Марқұмның денесі туған жеріне жеткізілді.
Пікірлер (0)