Йога: жан саулығы мен сергектігін жетілдіру
Редакция таңдауы
608
Йога көпшілік үшін таныс түсінік көрінгенімен, барлығы бірдей ол туралы толыққанды ақпарат білмейді. Қаламызда үш жыл бұрын ашылған «MarzhanYoga» орталығының негізін қалаушы Маржан Джексембиева алдағы уақытта балалар үшін тегін йога үйірмесін ашуды жоспарлап отыр. Себебі арнайы жаттығуды жасай отырып, балаларда көптеп кездесетін скалиоз дертін емдеуге болады. Йога тән мен жанның үйлесіміне жету, денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру болып саналады. Йога төңірегіндегі сауалдарға жауап алу үшін «MarzhanYoga» орталығының негізін қалаушы Маржан Джексембиевадан сұхбат алдық.
– Алдымен йога деген не деген сауалдан бастайықшы? Йоганы спорт түріне жатқыза аламыз ба?
– Йога – адамның тән, жан, сана деңгейінде үндестікті сақтай алуы болып саналады. Тән яғни дене деңгейінде нақты жаттығулармен, жан деңгейінде «дәл осы жерді, дәл осы сәтті сезінумен», сана яғни ми деңгейінде медитациямен байланыстырылады. Йога осыдан бес мың жыл бұрын Үндістанда пайда болған деген дерек бар. Ең алғаш йогамен ер азаматтар айналысқан. Олар йога жаттығуларын жасай отырып, энергия алған. Қазіргі уақытта йогада физикалық жаттығуларға көп көңіл бөлінеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі заманғы йога – адамның интегралды тепе-теңдікке жетуіне бағытталған жаттығулар жүйесі деуге болады.
– Сіз йогаға қалай келдіңіз? Қосшыда йога орталығын ашуға не себеп болды?
– Мен 2015 жылы кіші ұлымды дүниеге әкелдім. Декретте отырғанымда йогамен айналысып, денсаулығымды жақсартқым келді. Сөйтіп арнайы видео жаттығуларды сатып алдым. Алайда одан пайда болмады. Кейін Қосшыда ашылған орталыққа барып, біраз уақыт қатыстым. Біртіндеп үздіксіз жаттығу арқылы йогаға сүйіспеншілігім ояна бастады. Бір айда адам негізі үйренісіп алады. Себебі денеңіз йоганы қалап тұрады. Адамды рахаттандырып, ләззат сыйлайтын нәзік, икемді жаттығулардан соң барғыңыз келіп тұрады. Кейін түрлі себеппен йоганы тастап кеттім. Алайда йогамен айналысу үнемі ойымда жүретін. Содан бері түрлі салада жұмыс істедім. Фармацевт, тәрбиеші, бала күтуші, тіпті аспаз көмекшісі болып та қызмет еттім. Әрбір жұмыстың ерекшелігі бар, дегенмен олардың ешбірі менің жаным мен тәніме жақын болмады. Менің миссиям адамдарға көмек беру секілді сезіндім. Бір күні әлеуметтік желіде йога курсын оқыту туралы ақпаратты оқыдым. Дереу жазылып, оқуын тәмамдап, сертификатқа ие болдым. Сабақ кезінде йоганың бүге-шүгесіне дейін тереңдетіп оқыдым. Білімді жетілдіру үшін бірнеше курсқа қатыстым. Сөйтіп, білгенімді үйрету үшін орталық ашуды жоспарладым. Лесная полянада осыған дейін йога орталығы болмаған. Бір ғимаратты алып, балаларымызбен бірге ішін тазалап, жарнама тақтасын қойып, орталықты аштым. Алғашында 10 адам жинап топ аштым. Көпшілікке йога таныс емес болғандықтан, өткен адам оның пайдасы жайлы сұрап келіп жүрді. Кейін ғимаратты ауыстырдым. Қазіргі таңда орталықта 90- нан астам адам йогамен айналысуда. Йога мен үшін үндестікті берді. Үндестікке жеткенде адам сүйікті ісін табады. Ал сүйікті ісін тапқан адам бақытты өмір сүреді.
– Сіз йога бойынша авторлық методика әзірлегенсіз бе? Жалпы, йога жас пен жыныс талғай ма?
– Мен орталықта үйрететін жаттығулар авторлық методика арқылы әзірленген. Өйткені көптеген курсқа барсаңыз кейбір жаттығуды балаға немесе анаға зиян деп жатады. Мен бұл саланы толық зерттеп, барлығына зияны тимейтін жаттығу жиынтығын әзірледім. Мәселен, анасы мен қызы орталыққа келсе, бөлек топқа бөлінбей, бірге жаттығуды жасай береді. Қазіргі таңда орталығымызға келетіндердің ең кішісі 6 жаста болса, ең үлкені 77 жаста.
– Яғни, йогамен жасқа, жынысқа қарамастан айналыса беруге бола ма?
– Иә, йога жас, жыныс талғамайды. Йогамен айналысқан адамның дені сау, өмір жасы ұзақ, гармониямен үйлесім табады. Қазір ТМД елдерінде балаларға арналған йога да шығып жатыр. Менің алдағы жоспарым балаларға арналған тегін йога үйірмесін ашу болып отыр. Бүгінде арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыландыруға өтініш тастап, бала денсаулығына оң ықпал ететін йога үйірмесін ашқым келеді. Сонымен қатар көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған аналар мен зейнеткерлерге арнайы тегін топ ашу да мақсатым болып отыр. Мен йогамен айналысқанға дейін омыртқам, бүйрегім ауырған болатын. Бүгінде жаным да, тәнім де сау. Сондықтан йога жаттығуларының пайдасы көп екеніне көзім жеткен соң, орталықта дәріс беруді қолға алғанмын. Орталыққа келушілердің басым бөлігі денсаулығын жақсартуға келсе, тән сұлулығын арттырып жасаруға келетіндер қатары да бар. Меніңше йоганы спорттың бір түрі ретінде қарастырған дұрыс. Мұнда тек дене және тыныс алу жаттығулары үйретіледі.
– Йоганың пайдасы қандай?
– Йоганың пайдасы өте көп. Бірінші кезекте, адам болмысын құрайтын, сана, дене, жан деңгейін, үндестікті сақтауды қалыптастырады. Сонымен қатар жастарға, дене бітімін әсем еткісі келіп, майысқақ, сұлу формаға ие болғысы келетіндерге, арықтаймын деген жандарға пайдасы мол. Қандай да бір дене аурулары болса, жайсыздық сезінсеңіз, буын аурулары мазалап, бүкірейіп жүрсеңіз йогамен айналысу керек. Ойыңыз шашыраңқы, ылғи ұмытып жүретін, шаршап тұратын болсаңыз, іске жан-тәніңізбен кірісе алмасаңыз, йога көмектеседі. Бұл сізге энергия береді. Йоганың кей түрлері артық салмақтан арылуға көмектеседі. Сонымен қатар йогамен айналысатын адамның сүйегі берік болып, артроз, остеопорозға шалдықпайды. Ал бұлшықетіңіз қатайып, тік жүре бастайсыз. Денеңізде ауыртпалық болмайды. Өйткені медитация жасау арқылы өзіңізді жеңіл сезінесіз.
– Йога түрлері көп деп жатады, олар қалай бөлінеді, бір-бірінен айырмашылығы неде? Сонымен қатар сіз йоганың қай түрін үйретесіз?
– Әлемде көп танылған йоганың түрі хатха-йога деп аталады. Менде дәл осы йога түрімен айналысып, орталықта дәріс беріп келемін. Адамның денсаулығын сақтайтын негізгі жаттығулар жиынтығынан тұрады. Теріге, бұлшық етке пайдасы зор. Денені төзімділікке үйретеді және серпімділікке баулиды. Айта кетсек, йога бұдан өзге гармондардың жұмысын жақсартуға негізделген. Ал әртүрлі йоганың айырмашылықтары кім негізін қалағанында, мақсатының бөлек болуында деп айтуға да болады. Осы тұста менің авторлық методикамдағы жаттығударға қарсы көрсетілім қойылмаған. Жасы да, кәрісі де айналысса зияны жоқ.
– Біздің елде йогамен көбінесе нәзік жандар айналысады. Ер азаматтарға қатысуға болма ма?
– Иә, әрине. Керісінше, йогамен бірінші кезекте ер азаматтар айналысуы қажет. Себебі қазір олардың энергиясын телефон жеп қойып жатады. Энергия таусылғандықтан ер азаматтар энергетикалық сусын ішіп, денсаулығын құртады. Оның орнына йогамен айналысса, күні бойы энергияға толы, көңілі тоқ, күші көп болып жүреді. Тіпті кешкісін телефон қарауға шама қалмай, уақытында ұйықтап, гармондар да жақсы жұмыс жасайтын болады. Дегенмен өзге елде йогамен айналысатын ер азаматтар өте көп. Ал біздің елде аз болуын менталитетке байланысты деп ойлаймын.
–«MarzhanYoga» орталығының мекенжайымен бөліссеңіз? Алдағы уақытта бұл спорт түрі балаларға тегін бола ма?
– Иә , орталығымыз Қосшы қаласындағы “Лесная Поляна” 6 үйде орналасқан. «MarzhanYoga» орталығында алдағы уақытта оқушыларға тегін үйірме ашу жоспарда бар. Себебі қазіргі таңда балалар партада дұрыс отырмайды. Ортопедиялық сөмке ұстамайды. Салдарынан омыртқасы қисайып, бала дұрыс өспейді. Ал йога бұл мәселені болдырмауға сеп болады. Сондықтан баланың болашағын басты назарға ала отырып, осы жоспарымды іске асыруға кірісіп отырмын. Бұдан өзге көпбалалы аналарға да тегін топ ашуды көздеймін.
– Йогаға бірінші күні келген бойда жаттығу жасай ма?
– Методикаға сәйкес орталыққа келген әр адамға айтатыным йога туралы білмей, кілемшені төсей салып жаттығуға кірісіп кетуге болмайды. Әуелі оларға жаттығу түрлерін, тыныс алу жолдарын үйретемін. Денеге қатты ауыртпалық, қысым түсірмей, зияны жоқ жаттығуды үйретуден бастаймын. Жан мен тәннің үйлесімділігін тапқан адам жасара түседі. Қан айналымы, ас қорыту жұмысы жақсарып, жүйке жүйесі тынышталады. Йогамен айналысатын адамдар күйзеліс пен стресстен тез жазылып кетеді. Әр адам йогамен айналасуы керек. Өйткені қазір көбі жұмыста компьютер алдында отырады, олардың мойын бұлшық еттері және арқасы жиі ауырады. Ал йоганың арқаға арналған жаттығуларын жасасаңыз, денеңіз жеңілдейді. Бірақ йога жаттығуларын өз бетіңізше жасауға болмайды. Сондықтан Қосшы тұрғындарына айтарым, денсаулық – зор байлық екенін ескеріп, йогамен айналысып - ақ, түрлі дерттен емделіп, ауырмайтын жол іздеңіз. Біздің орталыққа жазылып, жан мен тән сұлулығына, үндестігіне қол жеткізіңіз!
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Жалпы, спорттың қай түрі болмасын адамның иммунитетін көтеріп, энергия сыйлайтыны сөзсіз. Йога бойдағы күйзелістен арылуға көмектеседі. Мұның себебі, йога жаттығулары көңіл-күйді көтеретін эндорфиндердің бөлінуіне ықпал етеді. Йога өз кезегінде мелатонин гармонының жақсы жұмыс жасауына әсер етіп, қалыпты ұйқыңыздың дұрыс болуына септегі мол. Ал Қосшыда балаларға арналған тегін йога үйірмесі ашылса, көптеген балалардың денсаулығының түзелуіне жол ашылатыны қуантады.
Күні түні телефонға қарауға жалықпайтын жастардың болашағын ойлаған кәсіпкер, тегін үйірмені мемлекеттік бағдарлама негізінде ашуды көздеуде. Ендеше, ұлт болашағы балаларымыздың денсаулығын басты назарға қойған йога орталығының жұмысына сәттілік тілейміз!
Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА
Пікірлер (0)