“Сауран клубы” сан қырлы талантты ашады

Редакция таңдауы
view 231
news

Балғын бала жас өскін шыбық сияқты. Бағыттаған жағыңа қарай бой түзеп өседі. Адамның жас күнінде үйренген машығы өмір бойғы кәсібіне айналған жағдайлар да аз емес. Расында, бүгінде баланы тәрбиелеуде үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше. Жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қа­лып­тастыру, оларға қолдау көрсетіп, қабілетін арттыруды көздеген мекеменің бірі «Сауран клуб» дамыту орталығы. Мұнда заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған кең, жарық студиялар, жаттығу залы баланың қабілетін ашатындай ерекше етіп әзірленген. Үйір­­ме жұмыстарымен таныс­у мақсатында “Сауран клуб” көркемдеп оқыту үйірмесінің жетекшісі Оқас Жайлаухан Қақатайұлын әңгімеге тарттық. – Жайлаухан Қақатайұлы, бүгінде Сауран клуб» тек Қосшы емес, Астана қаласының жұртшылығына да белгілі дамыту орталығына айналып отыр. Әңгімені орталықтың тарихынан бастасақ. Балаға заманауи үйірмелер арқылы тәлім беруді қашаннан бастап қолға алдыңыздар? – Иә, “Сауран клуб” дамыту орталығы Қосшы қаласында 2021 жылы ашылған. Мұнда балаларға арналған үйірмелер екі бағыт бойынша жүргізіледі. Оқушылар шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірмені таңдауға мүмкіндіктері бар. “Сауран клуб” дамыту орталығы бүгінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізетін бірден-бір орынға айналған. Есте болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыс­та, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бас­тап­қы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арна­ға бағыттау аса маңызды» деп өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне басты назар аударған болатын. Мінекей, мемлекет басшысының тапсырмасын орындап жатқан орталық бірі болып отырмыз. – Бүгінгі таңда дамыту орталығында қанша үйірме балаларға тәлім беріп келеді? – “Сауран клуб” дамыту орталығында 10 үйірме жұмыс істейді. Шығармашылық бағыт бойынша халық әні, домбырамен ән, сурет салу, көркемдеп оқу, бисермен өру, кестелеу, мүсіндеу, халық биі секілді тоғыз үйірме жұмыс істейді. Биылғы жылдың жаңалығы, орталықты спорттық бағытта каратэ оныншы үйірме болып ашылды. – Шәкірттерге білім мен өнерді сусындатып отырған ұстаздар қауымының біліктілігі қандай? – Дамыту орталығының жүрегі ол ұстаз. Себебі баланы өнерге баулу секілді жауапкершілігі мол істе, олардың талантын ашып, талабын арттыру тікелей педагогке байланысты деп айтар едім. Осы тұста “Сауран клуб” дамыту орталығында әрбір үйірмеде дәріс беретін мұғалімнің барлығы жоғары дәрежелі маман. Әр үйірме жетекшісі өз саласы бойынша білімі болса ғана сабақ береді. Мәселен, домбырамен ән үйірмесінде дәстүрлі ән саласын оқыған маман сабақ береді. Яғни жоғарғы білімді ұстаздар жұмыс жасайды. Сондықтан болар біздің ұстаздар қауымы халықаралық деңгейде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, шәкірттері додалардан топ жарған жоғары дәрежелі мамандар деп айтсам болады. Олардың қатарында Халықаралық додаларда халық биі бойынша топ жарған Сандуғаш Есекешова, “Үздік ұстаз” номинация иегері Жұлдыз Байсеңгірова, “Ұлы дала елі” қол өнер шеберлері аудандық байқауының ұйымдастырушысы болған Айнұр Рақымжанова, Рамида Дарменшиева, “Аягөз” атты үнтаспасын жарыққа шығарған Перизат Тұрарова, халықаралық дәрежедегі маман Ерлан Сауранбекұлы және де мен Жайлауқан Оқас көркемдеп оқыту үйірмесінде дәріс беремін. Біз ұстаздарымызбен мақтанамыз. Расында, орталықта педагог білімі мен тәжірибесі жіті бақыланады. Мәселен, Франциядағы Art Mondial академиясының мүшесі Ерлан Суанбекұлы өзінің жеке сурет коллекциясы мен балалардың салған суреттерін үлкен көрме етіп, қалың жұртшылыққа ұсынған еді. Халықаралық дәрежедегі ұстаз талай халықаралық додада жетістікке жеткен ұстаз енді біздің орталықта өз бойындағы өнерін балаларға үйретуді қолға алып отыр. – Орталықтағы үйірмелерге баланы неше жастан бастап қабылдайсыздар? – Жоғарыда аталған 10 үйірменің бала қабылдау жасы ерекшеленеді. ”Сауран клуб” дамыту орталығы мемлекеттік бағдарлама арқылы оқушыларды тегін үйірмемен қамтып отыр. Баланы қабылдау жасы әр үйірменің ерекшелігіне және мемлекеттік бағдарламадағы нормативке сәйкес белгіленген. Мәселен, домбыра, халық әні, сурат салу, мүсіндеу секілді үйірмелерге 4 жастан бастап қабылданады. Ал тоқыма, кестелеу , көркемдік оқыту, бисермен өру үйірмелеріне нормативке сәйкес балалар 6 жастан бастап қабылданады. – Білікті ұстаздан тәлім алған шәкірттердің де жетістігі көп шығар, иә? – Әрине, шәкірттеріміздің осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктері көп. Биылғы жылы бағындарған биік белестерге тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Биыл халықаралық драма, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысып, шәкірттеріміз Сәкенқызы Дана «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүністің рөлін аса шеберлікпен орындап, 1 орынды қанжыласа, Ер Тарғын рөлінде Тоқтарбек Рахметбекұлы, Қарт Қожақ рөлінде Едіге Бахтиярұлы жүлделі орын алды. Ал халық биі бойынша үйірмеде жас ерекшелігіне байланысты 3 топ бар. Үлкен және кіші топ, яғни “Еркетай” және “Тұмар” би тобы халықаралық додада бақ сынап, бас жүлдеге қол жеткізген. Бұдан бөлек, “ Еркетай “ би тобы сайыста топ жарып 1 орынды қанжығаға байлаған. Сондай-ақ Перизат Тұрарованың дайындауымен әншілер тобы Көкшетауда өткен Ақан сері мен Балуан Шолақтың мерейтойына арналған облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Сурет салу өнерінен Ерлан Сламбекұлының 5 жасар Амира есімді оқушысы халықаралық жарыста Гран при иегері атанды. Жалпы, әр үйірме бойынша оқу бағдарламасына сәйкес іс-шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылады. Осылайша балалардың жасаған жұмыстары жергілікті, халықаралық, республикалық байқауларға жіберіліп, жүлделі орындармен қуантып жүр. Айта кету керек, биыл наурыз айында “Домбырамен ән” үйірмесінің қатысушыларынан құралған квартет ұлттық өнерімізді насихаттап, үлкен сахнада Қазақстанның жұлдыздары Мейрамбек Беспаев, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосанова, “Кешью” тобы, Құралай Мейрамбек, Ансамбль Номад жұлдыздарымен бірге өнер көрсеткен болатын. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар “Наурыз ұлттық сыйлық” атты ән кешінде “Домбырамен ән” үйірмесінің шәкірттері жетекшісі Перизат Тұраровамен бірге өнерін паш етті. – Орталықтағы оқушылар толығымен тегін үйірмемен қамтылған деп айта аламызба? – Иә, әрине! “Сауран клуб” дамыту орталығы мемлекеттік бағдарлама негізде жұмыс істейді. Мұндағы үйірмелерге балалар тегін қатысады. Ал қаржыландыруды мемлекет жүзеге асырады. Бастысы бала үйірмеге қалмай қатысу шарт. Мұндай жоба көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларын дамыту, түрлі үйірмелерге қатыстыру, ата-анаға салмақ салмай, мемлекет арқылы қамтамасыз етуге жол ашуда. Үйірмелер аптасына 2 немесе 3 рет өтіледі. Барлығы бекітілген ережеге сай жүзеге асады. Мәселен, 10 жасқа дейінгі оқушыларға 1 сағат сабақ берілсе, 10 жастан асқан балаларға 1,5 сағат дәріс өтіледі. – Шәкірттердің биік белесті бағындыруға сеп болған орталықта қанша бала өнер мен спорт саласында білім алуда? – Қазіргі таңда «Сауран клуб» мемлекеттік қаражат тарапынан 400-ден астам баланы спорттық-шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз етіп отыр. – Баланы үйірмеге берудің артықшылықтары көп. Әсіресе қазіргі уақытта тапжылмай отырып, ұялы телефонға телмірген балаларға пайдасы зор. Болашақта орталықтың филиалын ашу жоспарда барма? – Әрине, Қосшы қаласында “Сауран клуб” дамыту орталығының филиалын ашу жоспарымызда бар. Басты мақсат шаһардағы оқушыларды тегін үйірмемен қамту, оларды өнер мен спортқа баулу, білікті мамандардың сабағын алып, биік белеске жеткізу басты мақсат болып отыр. Бүгінде осы бағытта бірқатар жұмыстар да қолға алынған. – Сұхбатыңызға көп рақмет. Баланың ой өрісінің қалыптасуы күрделі процесс. Білім беру жүйесіне құрамдас баланың шығармашылық қабілетімен дербестігін дамытатын ұтымды бір жолы үйірме екені белгілі. Осындай балалардың ашылмаған сан қырлы талантын ашуға септігін тигізіп жүрген «Сауран клуб» дамыту орталығының шығармашылық орталығына тек өркендеуді тілейміз.

Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *