Жаңа жыл қарсаңында мұғалімдерге қомақты сыйақы беріле ме
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұғалімдерге Жаңа жыл мерекесіне орай жаппай сыйақы төлеу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Malim.kz-ке сілтеме жасап.
Ол не айтты?
Комитет басшысының айтуынша, мемлекеттік мерекелер қарсаңында берілетін сыйақы тек әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінде үнемделген қаражат есебінен төленеді. Әсіресе, басқару формасы өзгеріп, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде мұндай тәжірибе жиі кездеседі.
Бізге келіп түскен ақпаратқа сәйкес, кейбір мектептерде әр мемлекеттік мейрам алдында педагогтерге белгілі бір көлемде сыйақы беріліп отыр. Алайда ол қаражат тек мектеп бюджетінде қалған үнем есебінен ғана төленеді, – деді Қаныбек Жұмашев.
Бюджет әр өңірдің мүмкіндігіне байланысты
Сонымен қатар ол мұғалімдердің мерекелік сыйақы алуы тікелей әр аудан мен қаланың қаржылық мүмкіндігіне байланысты екенін атап өтті. Білім беру жүйесінде вертикальді басқару қалыптасқан: мектептер аудандық білім бөлімдеріне, ал олар облыстық басқармаларға бағынышты. Әр аудандық бөлімнің бюджеті жеке бекітіледі.
Елімізде шамамен 8 мың мектеп бар, олардың қаржысы 220 аудандық білім бөлімдері арқылы жоспарланады. Сондықтан сыйақы мәселесі сол аудан немесе қаланың бюджет кірісіне байланысты. Қаржысы жеткілікті өңірлерде мектептерге қаражат тең бөлінсе, педагогтердің сыйақы алу мүмкіндігі де жоғары болады, – деді комитет төрағасы.
Пікірлер (0)