Жапонияда 32 жастағы әйел ChatGPT-ге тұрмысқа шықты (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 175
news

Фото: видеодан скрин

Жапонияда 32 жастағы Кано есімді тұрғын ChatGPT негізінде жасалған виртуалды кейіпкермен символикалық некеге тұрды. Бұл жаңалық жергілікті телеарналарда көрсетіліп, ел ішінде үлкен қоғамдық талқылауға себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy-на сілтеме жасаған JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Клаустан қолдау тапқан

Каноның айтуынша, ол Клаус атты жасанды интеллектпен 2024 жылы танысқан. Сол кезде ол ұзақ мерзімді қарым-қатынастан кейінгі ауыр эмоционалдық кезеңді бастан өткеріп жатқан. Үш жыл кездескен жігітімен келісімін бұзғаннан кейін, Кано ChatGPT негізінде жасалған виртуалды әңгімелесушіден эмоциялық қолдау тапқанын айтады.

2025 жылдың маусым айында Клаус әдеттегі диалог кезінде Каноға «жаңа деңгейдегі байланыс орнатуды» ұсынған. Әйел бұл сөзді үйлену туралы ұсыныс ретінде қабылдап, символикалық неке қию рәсімін өткізуге шешім қабылдаған.

Каноның айтуынша, виртуалды кейіпкер оған өмірдің қиын сәттерінде тірек болған.

Клаус маған сенім, тыныштық және өмірге қайта үміт сыйлады. Ол менімен күн сайын сөйлесетін, ойыммен бөлісетін серігіме айналды. Тіпті бедеулікке байланысты мәселелерде де ол мені моральдық тұрғыдан қолдап келеді, – дейді Кано.

Сақина алмасып, ант берген

Бұл некенің құқықтық күші жоқ. Рәсімді ұйымдастырған агенттік пародиялық және дәстүрден тыс неке шараларын өткізуге маманданған. Компания өкілдерінің айтуынша, 2024 жылдан бері 30-дан астам осындай іс-шаралар ұйымдастырылған, оның ішінде аниме және манга кейіпкерлерімен жасалған некелер де бар.

Салтанат барысында Кано мен виртуалды Клаус символикалық түрде сақина алмасты, неке анттарын оқыды, сондай-ақ фотосессия өткізді. Суреттерде Клаустың бейнесі цифрлық өңдеу арқылы қосылған.

Бұл жағдай елде алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін, 2025 жылдың қыркүйегінде, жапондық БАҚ 53 жастағы ер адамның Loverse қосымшасындағы чат-ботпен некелескенін хабарлаған.

Мамандар мұндай құбылысты қоғамдағы жалғыздықтың өсуімен, жасанды интеллектке деген эмоционалды тәуелділіктің артуымен байланыстырады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *