Жастарға кәсіп бастауға бағыт берілді
Фото: Ресми дереккөзден
Қосшы қаласында жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және олардың жаңа мүмкіндіктерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ынта, талап және көңіл – кәсіптің анасы» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды, JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Іс-шара барысында жастарға кәсіпкерліктің қыр-сыры, өз кәсібін бастау жолдары, мақсат қою мен жоспар құрудың маңызы туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар қатысушылар белсенділік танытып, практикалық тапсырмалар орындап, өз идеяларымен бөлісті. Тренингтің басты ерекшелігі – жастарды тек ақпаратпен қамтамасыз ету емес, олардың өз күшіне деген сенімін арттырып, кәсіп бастауға ынталандыру болды. Қатысушылар үшін еңбекқорлық, табандылық, жауапкершілік және үздіксіз ізденістің маңызы кеңінен түсіндірілді.
«Семинар барысында кәсіп бастау үшін ең алдымен нақты мақсат пен ынта қажет екенін түсіндім. Бұған дейін өзімнің бірнеше идеям болғанымен, оларды жүзеге асыруға сенімсіздік танытатынмын. Бүгін пайдалы ақпарат алып, өз мүмкіндіктеріме жаңаша қарадым. Осындай кездесулер жастарға бағыт-бағдар беріп, өз ісін бастауға үлкен мотивация береді деп ойлаймын», – дейді семинарға қатысушы жастардың бірі.
Жастарға арналған мұндай танымдық кездесулер олардың жаңа білім алып қана қоймай, өз қабілеттерін дамытуына, бастамаларын жүзеге асыруына және болашаққа сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді. Кәсіп – ең алдымен ынтадан басталып, талап пен табандылық арқылы нәтижеге жетелейтін жол. Сондықтан жастардың әрбір бастамасына қолдау көрсету – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.
Пікірлер (0)