Жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан ер адам сотталды
Сурет: qamqor.gov.kz
Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды janabastau.kz Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Алайда прокурор сотталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ер адамның кінәсі комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, куәлардың айғақтары, оқиғаның бейнежазбасымен дәлелденген.
«Прокурор мен жәбірленушінің өкілі 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесуді, 12 160 теңге материалдық залал және 5 млн теңге моральдық зиянды өтеуді сұраған», - деп жазылған хабарламада.
Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдету кезінде оның жасаған ісіне шын өкінуі және жас балаларының болуы бойынша қараған.
«Сот үкімімен Д., ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 5) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесілді», - деп хабарлады сот.
Талап қою ішінара қанағаттандырылды, 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер (0)