«Жеке қаржы активтерін сақтап қалуға кепілдік сұрап...»: депутат Назарбаевтың Путинмен кездесуіне пікір білдірді (ВИДЕО)
Фотосурет: ашық дереккөзден
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ президенті Владимир Путиннің кездесуі туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльге барып, Путинмен кездескені қоғамда қызу талқыланып жатыр. Комментарийді қараған шығарсыздар? Бірде-бір позитив пікір жоқ. Қазіргі геосаяси жағдайды біліп отырсыз. Қоғамдағы көңіл-күйді Назарбаевтың өзі жақсы біліп отыр деп ойлаймын.
Ол не үшін барды? Пана іздеп барды ма? Жеке қаржы активтерін сақтап қалуға кепілдік сұрап барды ма? Жеке қауіпсіздік мәселесі ме? Ең қызығы, біз жыл бойы елдің ішінде Назарбаевты ешқандай іс-шарадан көрмейміз. Бірақ жылдың соңында жылт етіп Кремльде отырады. Бір емес, екі емес, үш емес... Жылдағы жағдай осылай қайталанып жатыр. Бұл дегеніміз не? Бұл – қоғамдық мүддені елемеу. Не болмаса, «маған бәрібір» деген түсінік. Не болмаса, билікте ұзақ отырып қалған адамның шындықтан алыстап кетуі. Немесе «мен әлі де маңызды адаммын» деген ішкі сезім. Бірақ бұл сигналдардың ешқайсысы да біздің қоғамда қабылданбайды.
Сондықтан Назарбаевтың Ресейге барған сапарлары автоматты түрде біздің қоғамда жеке мүдде призмасы түрінен ғана қаралады. Ол елдік мәселемен барды дегенге ешкім сенбейді», – деді Мақсат Толықбай.
Пікірлер (0)