Жеті қалада экологиялық білімді арттыруға бағытталған бастама қолға алынды
Фотосурет: дереккөз
Атырау, Талдықорған, Қарағанды, Орал, Қонаев, Түркістан және Тараз қалаларында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экологиялық білім беруге бағытталған маңызды іс-шаралар басталды.
Ауқымды жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы мен «Қазақстан экологиялық қоры» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылуда.
Аталған бастама аясында тұрғындардың, әсіресе оқушылар мен жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды дәрістер циклі қолға алынды. Бағдарлама бес модульден тұрады және тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар жоба шеңберінде аталған қалалардағы мектептердің кемінде 10 пайызы қамтылып, қаладағы барлық мұғалімдердің 10 пайызы арнайы оқытудан өтеді деп жоспарланған.
Бұл өз кезегінде экологиялық білімді жүйелі түрде таратуға мүмкіндік береді.
Бірінші модульде қатты тұрмыстық қалдықтарды құрғақ және ылғалды фракцияларға бөлек жинаудың маңыздылығы кеңінен түсіндіріліп, қалдықтардың түрлері мен олардың қоршаған ортаға әсері нақты мысалдар арқылы баяндалады.
Екінші модульде қағаз, пластик, шыны және металл сияқты қалдықтарды сұрыптау жолдары көрсетіліп, оларды қайта өңдеудің тиімді тәсілдері түсіндіріледі.
Үшінші модульде қаптама түрлерінің экологиялық ізі және оларды саналы тұтыну мәселелері қозғалады.
Ал төртінші модульде 3R қағидаты – Reduce, Reuse, Recycle ұғымдары жан-жақты түсіндіріліп, оларды күнделікті өмірде қолдану жолдары ұсынылады.
Бесінші модуль EcoQolday цифрлық платформасына арналған. Қатысушылар бұл жүйе арқылы қалдықтарды тапсыруды есепке алу, бақылау және экологиялық жауапкершілікті арттыру мүмкіндіктерімен танысады.
Дәрістерді профессорлар, ғылым кандидаттары, тәжірибелі мамандар мен білікті тренерлер жүргізуде.
Атап айтқанда, Абдулаева Айгүл Кадесовна, Қуатбаев Асхат Тезекбаевич, Қисымова Алма Қисымқызы, Түркестанбаев Ақнұр Арысбаевна, Есимова Динара Даутовна, Оралбекова Назерке Асанқызы, Сатыбалдиева Гульмира Калмашевна, Сырлыбекқызы Самал, Нурбаева Наиля Абилхасановна, Махамбетов Мурат Жаракович және Абдинов Рауан Шарапбаевич сынды лекторлар еліміздің аталған қалаларында дәрістер өткізіп, экологияны таза ұстаудың маңызы мен қоршаған ортаны қорғау мәдениетін кеңінен насихаттауда.
Қазіргі таңда бұл іс-шаралар аталған барлық қалаларда басталды. Жоба аясында өткізілетін кездесулер мен дәрістер тұрғындарға тек теориялық білім беріп қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмірде қолдануға бағытталған нақты дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Таза Қазақстан» бастамасы – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай ауқымды шаралар халықтың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастырып, болашақ ұрпақ үшін таза әрі қауіпсіз орта құруға негіз болады.
Пікірлер (0)