Жадырап жаз келді

Редакция таңдауы
view 461
news

Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу – білім беру мекемелері үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Жуырда Қосшы қаласы білім бөлімінің бастамасымен мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларға, педагог ұйымдастырушыларға, дебат жүргізушілерге және психологтарға арналған семинар болып өтті. Оны әдіскер Әсел Мәкенова ұйымдастырды. Семинардың басты күн тәртібіне оқушылардың жазғы демалысын қайтсек дұрыс ұйымдастырамыз деген мәселе шықты. Ол үшін мектеп оқушыларын Ақмола облысы бойынша және республикалық лагерьлерге кең көлемде қамту туралы айтылды. Бұдан бөлек, мектеп жанындағы оқушыларға арналған лагерь ұйымдастырылады. Мектеп – тағылымды тәлім-тәрбие беретін өнеге ордасы. Тәрбие оқушының ішкі жан-дүниесін жаңартып, рухани азық болатын жетекші мазмұнға ие. Жаз айлары – мектеп оқушыларының ерекше ықыласпен күтетін уақыты. Ол сабақтан босап, табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүние танымын кеңейтетін тамаша мезгіл. Сондықтан ұстаз-тәрбиешілер оқушының жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыру үшін дұрыс бағытта нұсқау беруі керек. Мектеп жанындағы лагерьдің мақсаты – дұрыс демалу, әртүрлі іс-шараға тарту, ойын арқылы шынығу. Бұл жерде оқушылардың жас, психологиялық, ұлттық, діни, жыныстық ерекшеліктері, денсаулық жағдайы және қабілет-қарымы түгел ескерілуі тиіс. Ол үшін ұстаз-тәрбиелеушілер күнделікті жоспар құрып, топтың күнделігін жүргізіп отыруы керек. Мұнда топтың атауы мен ұраны, бұрышы болуы міндетті. Демалыс кезінде спорттық, ұлттық ойындар, шоу сайыстар, өнер байқауы, әдеби викториналар, сурет көрмесі, пікір-сайыстар, поэзия,ән,күй,би кештері, бал маскарадтар және ең соңында қоштасу концерті өткізілуі міндетті. Балаларды қызықтыру үшін фотоквест, бейне таспа түсіру, ең керемет минуттар, почта жасау, хат жазу, макияж, шаш үлгісін жасау, шеберлік кластары, квест ойыны(Зарница сияқты), ұрқақ ойыны(су шашу), дебат, диспут, Джунгли шақырады деген сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Одан бөлек, лагерьде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні, 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні, 17 маусым – Дүниежүзілік ашаршылық пен құрғақшылықпен күрес күні, 26 маусым – Халықаралық есірткі пайдалану мен тарату, сатушылармен күрес күні сияқты даталы күндер аталып өтетін болады. Биылғы оқу жылында лагерь 5 маусымда басталады. Оның ойдағыдай өтуіне мемлекеттік және жекеменшік лагерьлердің бәрі атсалысады. Демалыс шаралары палаткада, табиғат аясында өтіп, тарихи орындарға, қаланың мәдени орындарына, ауылдық жерлерге серуендер ұйымдастырылады. Балалар этнолагерьде болып, киіз үйде демала алады. Жазғы демалысты ұйымдастырғанда қауіпсіздік ережесі сақталуына қатаң талап қойылады. Сондай-ақ әр серуеннің маршрут схемасы сызылып, балалардың денсаулығы туралы анықтаманың болуы міндеттеледі. Демалыс кезіндегі ас мәзірі бекітіліп, лагерьдің жарғысы жазылады. Алдына ала ата-анамен лагерь ережесін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жазғы демалыспен есепте тұрған қиын оқушылар, жетім балалар, аз қамтылған отбасы балалары бірінші кезекте қамтылады.

А. Батуова, Қосшы қаласы IT лицей мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *