«Жас құтқарушылар» жеңіспен оралды

Редакция таңдауы
view 257
news

Елімізде орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары және оның зардаптары бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы тұста, жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларын алдын алу үшін әр мектепте құрылған жол қозғалысы жас инспекторлары жасақтарының атқаратын рөлі зор. Қозғалыстың жас инспекторлары алғаш 1973 жылы құрылған. Биыл оған 50 жыл толып отыр. Жас инспекторлар жасақтары құрылуының негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелері бойынша балалардың сауатын арттыру, оқушыларға жолда қауіпсіздікті сақтау ережелерін насихаттау, жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және осы бағыттағы басқа да іс-шараларды жетілдіру. Оқушылар арасындағы аталмыш байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы мамыр айында Қосшы қаласы білім бөлімі әдіскерлері ұйымдастыруымен Жол қозғалысының жас инспекторлары байқауы өткізіліп, қалалық білім бөліміне қарасты мектептердің барлығы сайысқа түсті. Сайыскерлер слет бағдарламасына сай саптық байқау, жас реттеуші, жол қозғалыс ережелерінің білгірлері, жас санитар, жас білгір, үгіт бригада, командирлер байқауы, ашық үзіліс және қауіпсіз дөңгелек сынды 9 аталым бойынша сайысып, жол ережелеріне сәйкес білім деңгейлерін ортаға салды. Мәселен, «Үгіт бригадасы» сайысында жарысқа қатысушылар жол қозғалысы бағытында жастар арасындағы проблемалық мәселелерді кеңінен қозғап өтті. Бұл сындардан сүрінбей өткен Рақымжан Қошқарбай атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің «Жас құтқарушылар» командасы жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылып, бас жүлде иегерлері атанды. Соның нәтижесінде, Көкшетау қаласында өтетін облыстық слетке қатысуға жолдама иеленді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және кубоктармен марапатталды. «Жас құтқарушылар» облыстық сайысы Көкшетау қаласында 24-27 мамыр аралығында өтті. Бұл сайыста қаламыздың намысын №1 Рақымжан Қошқарбаев атындағы орта мектебінің командасы қорғады. Мұнда облыстың төрт бұрышынан келген 22 команданың 176-дан астам қатысушысы 4 күн бойы білім мен біліктерін сынасты. Жарысқа қатысушылар «Таныстыру», «Газет – жарнама қалқаны», «Алғашқы медициналық көмек», «Техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары», «Іздестіру-құтқару жұмыстары», «Судағы құтқару жұмыстары» сияқты кезеңнен өтті. Турнирді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – оқушыларға төтенше жағдайлар туындаған кезде дұрыс әрекет ету дағдыларына үйрету және зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі көмек көрсету, балалар мен жастар арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын насихаттау, жеке және ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы және жауапты қатынасты қалыптастыру. Түсінуімізше, сайысты ұйымдастырушылар осы үдеден шыға білген сияқты. Жарыстың басынан бастап, Қосшы қаласының командасы үздік өнер көрсетіп, әр тур бойынша жеңімпаз не жүлдегер атанып отырды: – Таныстыру – 1 орын; – Газет-жарнама қалқаны –1 орын; – Алғашқы медициналық көмек –2 орын. Жалпы, жарыс қорытындысы бойынша 22 мектептің ішінен қосшылық жас құтқарушылар ІІ орынға ие болды. Бұл істе Қосшы №1 мектеп «Жас құтқарушылар » командасының жетекшілері Гүлбану Бажиеванің, Айдар Әуесхановтың, Медет Қасымовтың, Балгерім Әбілованің, Гүлдариға Исинаның еңбегін атап өткен жөн. Сөз соңында, Қосшы қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің бас-тығы Асқар Жақыповқа, облыстық «Жас құтқарушылар» сайысына қатысқан мектеп 9-10 сынып оқушыларына, ұйымдастырушы қалалық мекемелерге, оқушыларды дайындаған ұстаз жетекшілері мен ата-аналарға алғыс айтамыз. Осы іске қолдау көрсеткен мектеп көркем еңбек пәні мұғалімі Мұхтар Өтепбаевқа, сайысқа қатысуға мүмкіндік берген мектеп директоры Сұлуай Ілиясоваға рақметіміз шексіз. Ең алдымен, Қосшы қаласы білім бөлімі басшысы Қанат Ахметовке сайысқа қатыстырып, барлық жағдай жасағаны үшін алғысымыз зор! Сондай-ақ Білім бөлімінің әдіскерлері – Бауыржан Камиевке, Жаңагүл Ғалымқызына, Әсел Жамбылқызына көп-көп ілтипат білдіреміз. Мұны жалғыз №1 Рақымжан Қошқарбаев атындағы орта мектебі командасының жеңісі емес, Қосшы қаласының кезекті жеңісі деп қабылдаңыздар.

Рамазан БАУЫРЖАН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *