Жүгінетініміз де, сыйынатынымыз да – дәрігер

Редакция таңдауы
view 95
news

Қосшы қаласында тұрғындардың денсаулығын қорғау, ем-дом сапасын арттыру мақсатында бірталай іс-шаралар атқарылып жатыр. Оның ішінде 2023 жылдың мамырынан бастап, жаңа №1 қалалық емхана ашылды. Бүгінгі таңда емдеу мекемесі толыққанды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығы да қала тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. №1 қалалық емханаға 10 аймақ бойынша 12 000 адам тіркеліп, тұрақты ем-шара, керек кеңестерін алып отыр. «Дәрігерлерден бөлек, емханаға жүгінушілерді есік аузынан қабылдап, мамандарға бағыттап отыратын анықтама бөлімі қызметкерлерінің жұмысын да ерекше атап өтер едім. Бұл төзім мен тіл табыса білуді қажет ететін сала. Олардың еңбегі зор», дейді емхана басшысы Әсел Білісбекова. Емханада 98 маман тәулігіне жалпы саны 120 адамға қызмет көрсетіп келеді. Халық саны артуына байланысты жұмыс ауқымдылығы үлкен, әрі жаңадан ашылған емханаға тиісінше салалар бойынша мамандардың аздығы сезіледі. Әсел Львовна: «Біздің емханаға тіркелушілер күн санап көбейіп жатқандықтан, мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Оның ішінде ерекшелеп атап өтетіні балалар хирургы, травматолог-ортопед, кардиолог сияқты дәрігерлер қатары жеткіліксіз», дейді. Тайтөбе ауылының фельдшерлі-акушерлік пунктінің жалпы тәжірибелі дәрігері Жазира Асамбайқызы: «Өз жұмысымды қатты жақсы көргендіктен шығар, келушілер көп, жұмыс ауыр деген емеспіз. Мамандар жетіспесе де, қажетті құрал-жабдықтар толық болмаса да, біз қолдан келгенше медициналық көмек көрсетіп келеміз», дейді бұл салада 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Қорыта келе айтпағымыз, бас ауырып, балтыр сыздағанда жүгіріп, жүгінетіміз – дәрігер. Алдына барсақ, алдымен жанымызға дәру болар әдемі сөзін естігіміз келеді. Жылы қабағынан қуат алып, содан кейін шипа болар ине-дәрісін қабылдаймыз. Әлемді шулатқан коронавирус COVID-19 бізге де жетіп, ел басына күн туғанда, аянбай қызмет көрсетіп, күн-түн демей жанын тәуекелге тіккен де осы ақ халатты батырлар. Сондықтан осы мамандық иелерінің еңбегі қарапайым адамдар үшін қашанда құрметті. Мерекелеріңіз құтты болсын, қымбатты медицина саласының қызметкерлері!

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *