Жүкті әйелдерге жеңілдік: Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі маңызды жаңалық жариялады
Сурет: Ашық дереккөзден

Әйелдер консультациялары жаңартылады: Денсаулық сақтау министрлігі жаңа құрылым ұсынды
2025 жылғы 20 маусымда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі әйелдерге арналған медициналық көмекті жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама туралы хабарлады. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, жүкті әйелдер мен гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту мақсатында әйелдер консультациясы бөлімшелерінің жұмысы қалпына келтірілмек. Жаңғырту аясында бұл бөлімшелер амбулаторлық-емханалық қызметтердің бірыңғай блогына біріктіріледі.

«Бастаманың негізгі мақсаты – еліміздің әйелдер халқына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Жаңартылған әйелдер консультациясының құрылымы мынадай бағыттарды қамтиды:
- бір күндік емханасы бар ұрықты қорғау орталықтары;
- отбасын жоспарлау орталықтары;
- түсік жасалатын бөлмелер;
- қауіпті жүктілік пен экстрагениталды ауруларды басқаруға арналған көп бейінді мамандар кабинеттері;
- репродуктолог пен балалар гинекологының қабылдау бөлмелері.
Бұл өзгерістер – Жамбыл облысында екі әйелдің өлімімен аяқталған резонансты жағдайлардан кейін қолға алынған шаралардың бірі. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі өңірдегі ондаған емдеу кабинетінің жабылатынын мәлімдеген болатын.
Министрлік бұл қадам әйелдер денсаулығына қатысты қызметтердің сапасын жақсартуға және жүктілік кезеңінде тәуекелдерді ерте анықтауға бағытталғанын айтады.
Пікірлер (0)