Астанада оқу-жаттығу жиынында жарақат алған 15 жастағы балуан көз жұмды

Жаңалықтар
view 104
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Астанадағы олимпиадалық резерв мектебінде оқу-жаттығу барысында ауыр жарақат алған жас балуан Рахымжан Елепбергенов 42 күн комада жатып, есін жимастан қайтыс болды. Қайғылы оқиға биыл ақпан айында болған, жас спортшы 5 сәуір күні көз жұмған, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Ақтөбеден келген 15 жастағы спортшы Родниковка ауылынан өз бапкерімен бірге жарысқа қатысқан. Спарринг кезінде қарсыласы Рахымжанды көтеріп кілемге лақтырғаннан кейін ол есінен танып, жағдайы күрт нашарлаған. Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін 28 сағат өткен соң ғана ота жасалған.

Марқұмның ата-анасы жаттығу кезінде медицина қызметкерлері болмағанын, алғашқы көмек көрсетілмегенін айтып отыр. Олардың сөзінше, егер көмек уақытында көрсетілсе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.

«Ол күні оқу-жаттығуда дәрігер болмады. Денсаулығына байланысты демалысқа кеткен екен. Жаттықтырушысы кешірім де сұрамады. Балам 42 күн комада жатып, кейін есін жиғанымен сөйлей алмады, қимылдай алмады. Бас сүйегінің жартысы болмады. 61 күннен кейін жан тапсырды. Біз ешқандай өтемақы талап етпейміз, тек мұндай жағдайға кінәлілер жауапқа тартылсын дейміз», – деді марқұмның анасы Гүлдерай Гадилшина.

Айта кетейік, бұған дейін Ерейментауда қазақ күресінен өткен республикалық жарыста да жас спортшы ауыр жарақат алып, көз жұмған еді. Рахымжанның ата-анасы дәл осы бапкерлердің жауапсыздығы қайғылы жағдайдың қайталануына себеп болып отырғанын алға тартып, облыстық спорт басқармасы мен білім басқармасынан нақты шара қолдануды талап етуде.

 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *