11 жыл күткен қуаныш: Қосшыдағы үлескерлер қала күні жаңа пәтерлеріне кірді

Қосшы жаңалықтары
view 141
news

Фотосурет: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қосшы қаласының тұрғындары үшін биылғы қала күні айрықша есте қаларлық болды. 26 шілде күні ұзақ жылдар бойы үйін күткен үлескерлерге көптен күткен пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

2013 жылы тоқтап қалған құрылыс 10 жылдан астам уақыт бойы қаңырап тұрды. Бүгінде бұл күрмеулі мәселе шешімін тауып, жүздеген отбасы өз баспанасына қол жеткізді.

Салтанатты рәсімде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов:

– Бұл тек кілт табыстау емес, бұл – әділеттіліктің орнауы. 10 жылдан астам уақыт бойы шешілмеген мәселені түбегейлі жаптық. Бұл күн – қиын түйткілдерді де бірлесіп шешуге болатынын көрсетеді, – деп атап өтті.

Үлескерлердің күрделі тарихы 2014 жылдан басталған. Сол кезден бері адамдардың үміті үзілмеді: арыздар, соттар, кездесулер, талаптар... Ақыры бүгін, олар армандаған күнге жетті.

Гүлнар Мермуканова, үлескерлер кооперативінің жетекшісі:

– Біз көп жыл бойы күрестік, даусымызды естірттік. Бұл тек пәтер алу емес – бұл қауіпсіздіктің, тыныштықтың сәті. Президентке, қала мәртебесін бергеніне алғыс. Әкімдікке, істі соңына дейін жеткізгені үшін рахмет. Жаңа үйіміз – жай ғана қабырға емес, заманауи жайлылықтың, сенімнің нышаны, – деді қуанышымен бөлісіп.

Қосшыдағы бұл жаңалық – тек үлескерлер үшін емес, бүкіл қала үшін үлкен жеңіс.

Биылғы қала күні 110 үлескер көптен күткен баспанасының кілтін алып, үлкен қуанышқа бөленді.

Жаңа қоныс иелерінің бірі Ақылбек Сапаров Қосшының қарқынды дамып жатқанын атап өтті:

– Қосшы көз алдымызда өсіп келеді. Көше жарығы, жолдар, мектептер, ауруханалар – жыл сайын жаңа нысандар ашылуда. Биыл газдандыру жұмыстары аяқталмақ. Үлкен сауда желілерінің дүкендері ашылды, кинотеатр бар. Қала жас болса да, өмір сүруге қолайлы. Ал бүгінгі күн – бәрінен де ерекше, өйткені үлкен мәселенің шешімі жүздеген адамның қуанышына айналды, – деді ол.

Салтанатты шарада ең кішкентай тұрғындар да назардан тыс қалмады. Қала күнімен тұспа-тұс төрт жасқа толған, Қосшымен түйдей құрдас кішкентай қызға аймақ әкімі велосипед сыйлады.

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов үлескерлер мәселесі мұнымен шектелмейтінін, алдағы уақытта басқа да тоқтап қалған құрылыс нысандарын аяқтау жоспарда бар екенін атап өтті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *