Қосшы қала мәртебесіне ие болғанына төрт жыл
Фотосурет ашық дереккөзден
Ақмола облысы – елорда маңындағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Соның жарқын мысалы – Қосшы қаласы. Күні кеше ғана ауыл мәртебесінде болған Қосшы 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ресми түрде қала санатына енді. Осы қысқа мерзім ішінде Қосшы айтарлықтай өзгеріп, заманауи келбетке ие болды.
Биыл Қосшы қаласының туған күні ерекше ауқыммен аталып өтті. Тұрғындар қала мәртебесінің төрт жылдығын жаңа пәтерлермен, мәдени нысандардың ашылуымен және әлемдік рекордпен қарсы алды.
2021 жылдың 27 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшыға қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы атаулы күнге орай, биыл ұзақ жылдар бойы үйін күткен 110 үлескер тұрғын «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінен (бұрынғы «Сиреневый сад») көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа қоныс иелерін жеке құттықтап, сертификат табыс етті.
Мерекелік күннің тағы бір айрықша сәті – әлемдік рекорд орнауы болды. Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай 300 жұп – 600-ден астам адам композитордың әуеніне вальс билеп, ерекше флешмоб ұйымдастырды. GLOBAL BOOK OF RECORDS өкілі бұл жетістікті ресми түрде тіркеп, рекорд сертификатын қала әкімінің орынбасарына табыстады.
Мереке қарсаңында тағы бір маңызды мәдени нысан – «Qosshy» комьюнити-орталығы өз есігін айқара ашты. Оның алғашқы қойылымы – Бақытбек Қадырдың «+Қала» атты лирикалық комедиясы болды. Қосшының бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналған спектакльді танымал актер әрі режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналады.
Аймақ басшысы қаланың дамуы мұнымен тоқтамайтынын тілге тиек етті.
«Қала күн сайын өсіп, кеңейіп келеді. Бізге тек тұрғын үй салу ғана емес, мәдени өмірді де қатар дамыту маңызды. Жақын арада 450 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталады», – деді Марат Ахметжанов.
Мерекелік кештің ең әсерлі сәті қала әкімі 2021 жылдың 27 шілдесінде, Қосшыға қала мәртебесі берілген күні дүниеге келген Инжу Рысбек есімді бүлдіршінге велосипед сыйға тартты.
Оқи отырыңыз


Пікірлер (0)