5 жыл бойы жасырынып жүрген: Адам ағзасын сатумен айналысқан әйел қамауға алынды
Фото: Kelly Sikkema/Unsplash
Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Польшадан адам ағзаларын сатқаны үшін іздеуде жүрген Украина азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ол 2017-2018 жылдар аралығында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, адам ағзаларын заңсыз сатып алу-сатумен айналысқан деген күдікке ілінді. Оның рөлі донорлар мен реципиенттер іздеу және олардың арасындағы кездесулерді ұйымдастыру, органдарды сатып алу-сату мен трансплантациялау операцияларын құпия ұстау және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз ету болған.
Жалпы алғанда, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және басқа елдерде тірі адамдардың органдарымен 56 заңсыз мәміле жасап, яғни Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында сатып алу-сату және кейіннен трансплантациялауды ұйымдастырған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған. Биыл наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған кезде ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір күдікті Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін бұл қылмыстық ұйымның 2 мүшесі Түркия мен Ресейден қайтарылған болатын.
Пікірлер (0)