“Алаяқтарға интимдік фото жіберген”: Жасөспірім жыныстық бопсалаудан кейін суицид жасаған

Жаңалықтар
view 800
news

Сурет: ғаламтордан

Интернеттегі алаяқтардың санаулы сағат ішінде жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауға қалай бопсалағанын 17 жастағы жасөспірімнің анасы айтып берді. Ол басқа жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына осы қауіп туралы ескерткісі келеді, деп хабарлайды Janabastau.kz  BBC-ге сілтеме жасап.

Анасының сөзінше, 2022 жылы Джордан Демей Instagram желісінде өзімен жасты сұлу қызбен танысады. Артынша, оның сөзіне көніп, “сұлу қызға” өзінің бірнеше интимдік суреттерін жіберген.

Кейін бейтаныс сұлудың аккаунты жалған екені белгілі болды. Басынан бастап алаяқтар Джорданмен қыздың атынан хат жазысқан. Олар Нигериядан келген 20 және 22 жастағы екі ағайынды болып шықты.

Олардың қолына жасөспірімнің ашық фотосы тиген соң, алаяқтар одан ақша талап етіп, егер бермесе суреттерін жариялайтындарын айтып қорқытқан.

Қорыққан мектеп оқушысы бопсалаушылардың ақшасын төлеуге тырысқанымен, оның қолында қаражат жоқ еді. Джордан мәселенің шешімін іздеп, тіпті өзіне қол жұмсау туралы ойы бар екенін айтады. Бірақ бұл бопсалаушыларға әсер етпеген.

"Олай болса, тезірек жаса. Әйтпесе, мен сені оған асығуға мәжбүрлеймін", – дейді бопсалаушылар. 

Ағайынды Огошилар АҚШ-қа экстрадицияланып, сотта олар жасөспірімді өзіне қол жұмсауға итермелегендерін мойындады. Қазір екеуі де сот үкімін күтіп жүр.

Дәл осы іске қатысы бар тағы бір адам әлі де биліктің оны Нигериядан экстрадициялау туралы шешіміне қарсы әрекет етіп жатыр.

АҚШ-тың солтүстігінде тұратын жасөспірімнің анасы Дженн Боота BBC-ге алаяқтар Джорданға хабарлама жіберіп, ол өзіне қол жұмсағаннан кейін алты сағатта басқа жасөспірімге ауысқанын айтқан.

"Шын мәнінде, интернетте жәбірленушіге психологиялық қысым көрсету арқылы бопсалаумен қалай айналысуға болатыны туралы дайын сценарий үлгісі бар. Адамдар үлгі мәтінін бақылайды және ол жұмыс істейді. Бәрі өте тез орындалады. Бір жәбірленушіні аяқтаған соң, алаяқтар бірден екіншісіне ауысады. Оларды тек құрбандардың  саны қызықтырады", – дейді ол. 

Көбіне жыныстық бопсалаудың құрбаны жасөспірім ұлдар болады. Cәуір айында тағы екі нигериялық қамауға алынған. Олар шамамен дәл осылай австралиялық оқушыны өзіне қол жұмсауға итермеледі.

Жапония Нигериядан шыққан сексуалдық бопсалау істерінің көбейгенін бақылаған.

АҚШ та кейінгі бір жылда мұндай оқиғалардың саны екі еседен астам өсіп, бұрынғы жылмен салыстырғанда 26 мыңнан асқан.

Кейінгі екі жылда кем дегенде 27 америкалық жасөспірім бопсалау салдарынан өз өмірін қиды.

Осы аптада Нигерияның ұлттық киберқылмыс орталығының техниктері Лондонда Ұлыбританияның ұлттық қылмыс агенттігінің әріптестерімен сексуалдық бопсалау сияқты киберқылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты қалай жақсартуға болатынын талқылау үшін кездеседі.

Өткен айда ұлттық қылмыс агенттігі балалар мен мектептерге бұл қауіп туралы ескерту жасады.

Агенттіктің айтуынша, бопсалау шетелдік ұйымдасқан қылмыстық топтардан, ең алдымен Батыс Африканың елдерінен, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азиядан болуы мүмкін.

Киберқауіпсіздік сарапшылары мұндай қылмыстар көбіне Yahoo Boys нигериялық қылмыстық тобымен байланысты болуы мүмкін дейді.

Осы жылдың басында америкалық Network Contagion Research Institute киберкомпаниясы TikTok, YouTube және Scribd сайттарында нигериялық аккаунттар желісіне талдау жүргізіп, онда жасөспірімдерді бопсалау туралы кеңестер тапқан.

Нигериялық киберқылмыс орталығының директоры Уче Ифеани Генри BBC News-ке қылмыскерлер жазасыз қалмайтынын айтты.

"Нигерия билігі бұл мәселеге жеткілікті ресурс пен назар аудармайды деп ойлайтын адамдар қателеседі", – деді ол.

Оның айтуынша, Нигерия үкіметінің заманауи киберқылмыс орталығын салуға миллиондаған қаражат жұмсағаны оның бұл мәселеге, әсіресе, жыныстық бопсалауға байыпты қарайтынын көрсетті.

Дегенмен Digital Footprints Nigeria қызметкері доктор Томбари Сибенің айтуынша, көптеген нигериялық үшін, әсіресе үлкенірек, жас, технологияны жақсы білетін ұрпақ үшін – кибералаяқтықтың әртүрі, соның ішінде жыныстық бопсалау қалыпты жағдайға айналды.

"Қазіргі жағдайдың негізгі себептері – әлеуметтік және экономикалық. Елде жұмыссыздық пен кедейліктің үлкен проблемасы бар. Ал бір тиыны жоқ (сондықтан жоғалтатын ештеңесі жоқ) бұл жастардың барлығы өз әрекеттерінің салдары туралы ойлағысы келмейді”, – деді ол.

Ал қайтыс болған Джорданның анасы күйеуі Дженмен бірге білім беру науқанын жалғастырып жатыр. Оның айтуынша, бопсалаушылардың қысымынан дәл осылай балаларынан айырылған Австралия, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен келген ата-аналар да жұбаныш іздеп, оған жүгінген.

"Маған ата-аналар жазып, мұндай жағдайда не істеуі керек екенін сұрайды. Кейде олар маған балаларының басынан өткен оқиғанын айтқысы келеді. Көп адам Джорданның әңгімесін оқып, менен көмек сұрай алғаны үшін рахмет айтады”, – дейді ол. 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *