Ақмола облысында балыққа шыққан 45 жастағы жігіт көз жұмды
Фотосурет: baikalnature.ru
Ақмола облысында ер адам суық тию салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі өңірдің ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ құтқарушылары Қайранкөл көлінде апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Олар 45 жастағы ер адамды құтқаруға мәжбүр болған.
Тұрғын моторлы қайықпен балық аулауға шыққан. Ол белгісіз себептермен суға түсіп кетіп, жағаға өздігінен жете алмаған. Оқиға туралы хабар түскен соң құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына жетіп, зардап шегушіні судан шығарып, жағаға жеткізген.

Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін ол дәрігерлердің қолына тапсырылды. Алайда соңғы мәлімет бойынша, ер адам суық өту салдарынан қайтыс болды, – делінген ТЖД хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарына шығар алдында жүзу құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеруді, өзіңізбен бірге байланыс құралдары мен құтқару кеудешесін алуды еске салады.
Пікірлер (0)