Жолдар жабылуы мүмкін: Павлодар облысында қар жауып, боран соқты (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 159
news

Фотосурет: видеодан скриншот

Павлодар облысында қар жауды. Оның мөлшері көп болғандықтан, өңірдің коммуналдық қызметтері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Lifepvl.kz-ке сілтеме жасап.

Жалпы жұмысқа шамамен 300 арнайы техника және 300-ге жуық коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері тартылған. Басты назар – қозғалысы көп жолдарды, тротуарларды, кіреберістер мен тұрғын үйлердің аулаларына апаратын жолдарды тазалауға аударылған. Сонымен қатар, аулаішілік аумақтарда да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

ТКШ бөліміне тәулік бойы жұмыс тәртібін ұйымдастыру және түнгі ауысымдарды бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Таңертеңге дейін барлық учаске көктайғаққа қарсы материалдармен өңделуге тиіс, – делінген хабарламада.

Облыс жолдарына да қалың қар түсіп, кей жерде боран соғып, көріну деңгейі нашарлаған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағындағы автожолдарда қозғалыс жабылуы мүмкін.

Полиция жүргізушілерге ауа райының өзгерістерін, смс-хабарламаларды бақылап, жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпауға кеңес береді. Ауа райының күрт нашарлауы және жол қозғалысының жабылуы туралы ақпаратты дер кезінде назарға алу қажет. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға қолайсыз ауа райында алыс қашықтыққа жаяу шықпау ұсынылады, – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Полицейлер көлік жүргізушілерге маршруттарын алдын ала жоспарлауға, аса мұқият болуға, жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, сондай-ақ ұзақ сапарлардан бас тартуға кеңес береді.

Республикалық маңызы бар автожолдарда қар тазалау және көктайғаққа қарсы материал себу жұмыстарына 38 арнайы техника жұмылдырылған.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *