Тәуелсіздіктің 34 жылында екі-ақ заң қазақ тілінде жазылған
Фотосурет: ura.ru
Бұл мәселені сенатор Бибігүл Жексенбай Nege.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бар болғаны екі заң ғана мемлекеттік тілде бастапқы нұсқасында жазылған.

Қазір қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны айтарлықтай өсті. Ресми деректерге сүйенсек, халықтың 80 пайыздан астамы қазақ тілінде сөйлей алады және түсінеді, – деді сенатор.
Ол бүгінде заң жобаларының басым бөлігі алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін қазақ тіліне аударылатынын атап өтті. Ал бұл тәсіл мәтін сапасына әсер етеді.

Алдымен заң жобасы орыс тілінде жазылып, дайын болған соң қазақ тіліне аударылады. Егер құжат бастапқыдан мемлекеттік тілде жасалса, оның сапасы мүлде басқа болар еді, – деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатордың айтуынша, заң жобаларының негізгі бөлігі Үкіметте әзірленіп, кейін аударылып, Мәжілісте қаралып, Сенатқа жіберіледі. Осыған байланысты ол құжаттарды дайындау тәсілін өзгертуді ұсынды.

Менің ұсынысым – заң жобаларының мәтіні екі тілде бір уақытта дайындалуы керек. Жұмыс топтары екі тілде жұмыс істей алатын болуға тиіс. Қазір олардың көбі негізінен орыс тілінде жұмыс істейді, – деді Бибігүл Жексенбай.
Пікірлер (0)