Ақмола облысының Мемлекеттік аудит департаменті ведомстволардағы ауқымды тексерулердің қорытындысын шығарды

Жаңалықтар
view 31
news

Фотосурет: дереккөз

Бюджет қаражатын тиімді игеру және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің негізгі тақырыбына айналды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

2025 жылдағы бақылау шараларының нәтижелері мен жаңа цифрлық мониторинг тетіктерін енгізу туралы Ақмола облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Шарап Сәдуақасов баяндады.

Өткен жылы ведомство жұмысы жазалау шараларынан гөрі алдын алу бақылауына көшуге бағытталды. Барлығы 93 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, қаржылық есептілік пен мемлекеттік сатып алу саласы қамтылды.

Талдау көрсеткендей, заңбұзушылықтардың негізгі себептері — іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін жеткізушілерге негізсіз қаражат аудару, бухгалтерлік есеп жүргізудегі қателіктер және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидияларды заңсыз төлеу болып отыр. 

«Өңірдегі барлық аудит тексерулері тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген. Біздің мақсатымыз — тек заңбұзушылықты тіркеу емес, оның туындау себептерін жою», — деп атап өтті Шарап Сәдуақасов.

Брифингте бақылауды цифрландыруға ерекше назар аударылды. 2024 жылдың қазан айынан бастап «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулінің функционалы кеңейтіліп, соның нәтижесінде 2025 жылы әлеуметтік салада 6 мыңнан астам тәуекелді төлем анықталды.

Сонымен қатар, камералдық бақылау бөлімі мемлекеттік сатып алудың шамамен 30 мың рәсімін қамтып, заңбұзушылықтарды тендер жариялау кезеңінде-ақ тоқтатуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік сатып алу заңнамасына да елеулі өзгерістер енгізілді.

Жаңа нормалар отандық бизнесті қолдауға және рәсімдер мерзімін айтарлықтай қысқартуға бағытталған: конкурс өткізу мерзімі 60 күннен 10 күнге дейін қысқартылды, ал отандық тауар өндірушілерге төлем енді 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Реформалардың тиімділігінің нақты мысалы — Зеренді ауылындағы спорт мектебінің құрылысы.

Мұнда сатып алу рәсімінен бастап келісімшарт жасалғанға дейінгі барлық процесс небәрі 8 жұмыс күні ішінде аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Брифинг соңында спикер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа тәуекел профильдері енгізілетінін айтты.

Олар құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты орындалуын және тауарлардың жеткізілуін автоматты түрде тексеретін болады. Бұл адам факторын азайтып, мемлекеттік сатып алуларды негізсіз тоқтатуды болдырмауға және өңірде бюджет қаражатын пайдаланудың барынша ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *