Қосшы қаласының соғыс ардагері Нұрқасым Әжітайұлы 100 жасқа толды
Сурет: Қосшы қаласы әкімдігі
Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев ардагерді ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауын жеткізді. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды.
100 жыл – адам өміріндегі ерекше белес, ұрпақ үшін өшпес үлгі мен ерен еңбектің айқын көрінісі.
Ұлы Отан соғысының жауынгері ретінде майдан даласында көрсеткен ерлігі, бейбіт өмірдегі тынымсыз еңбегі– біздің ортақ мақтанышымыз, ерлігі мен қажыр-қайраты ел есінде сақталары сөзсіз. Отанға адал қызмет етіп, өскелең ұрпаққа ерлік пен еңбекқорлықтың асыл үлгісін көрсеткен оның бейбіт өмірге сіңірген еңбегі мен тәлім-тәрбиесі баршаға үлгі.
Нұрғасым Әжітайұлы 1925 жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Абралы ауданының Сарықамыс деген жерінде дүниеге келген. Қазақ даласын жайлаған ашаршылық жылдары Құлжабасыға, кейін Семейге отбасымен қоныс аударады. 1938-інші жылы еңбек ұжымшары құрылып, 7 жылдық мектеп ашылуына орай 13 жасар Нұрқасым мектеп табалдырығын аттайды.
Нұрқасым Әжітайұлы әскер қатарына 1943-інші жылы қаңтар айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен қабылданады.
Өрімдей жігіт бір жылдың ішінде Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдап, нысана көздеуден алдына жан салмайтын мерген болады. Басшылықтың назарына іліккен сарбаз бірден жолдамамен Мәскеу түбіндегі шайқасқа аттанады. Құралайды көзге атқан мерген кейін Маршал Малиновскийдың қолбасшылығымен Керчь қаласын жау қолынан азат етуге қатысады. Берлинді алуда және Курск доғасындағы шайқаста авиациялық қызметтің атқыштар сапында жауынгер болды. Ешкімді аямаған соғыста қар жамылып, мұз жастанып, толарсақтан су кешіп, оттың ортасында жүрді. Жеңісті қарсы алысымен, 1945-інші жылы тамыз бен қыркүйек айларында Жапониямен соғысатын жауынгерлерге ілесіп, 293-інші атқыштар дивизиясымен келесі қан майданға аттанады. Квантон әскерімен кескілескен ұрыста Нұрқасым Әжітаев асқан ерлігімен көзге түсіп марапатталады.
Соғыс аяқталғаннан кейін майдангер Читадағы училищеде ұстаздық етіп, жастарды әскери қызметке баулиды.
Әскери әуе ұшақтарында моторист болып, еңбекқорлығымен талмай қызмет атқарады. Сондай-ақ, Владивастоктың Артем қаласының комсомол ұйымында жетекші болып, Краснояр өлкелік съезге екі рет делегат болып қатысты. Осы комсомол жетекшісі болып атқарған қызметі үшін Хабаров өлкесіндегі қызыл әскер ұйымының мұрағатында есімі алтын әріппен жазылған.
Туған елге тек араға сегіз жыл салып, 1951-інші жылы оралады. Абыралы ауданы оқу бөлімінде әскери инспектор болып еңбек еткен Нұрқасым Әжітаев отбасымен Шар қаласына көшіп, темір жолдың Шаған станциясында кезекші болды. Кейін Кеңшар директорының шақыруымен Қайнарда ағаш шеберханасында меңгеруші болып 20 жыл еңбек етеді.
Әке-шешеден де ерте айырылып, ащы тағдыр тезімен таласып өскен майдангер отбасы құндылығын жоғары бағалайды. Жұбайы Нұрзиләт Құсайынқызы екеуі өмірге әкелген жеті баласынан он немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.
Ардагер Жапонияны жеңгені үшін медалі, 2 дәрежелі Отан соғысы ордені, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалі, Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» белгісі, «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медалі, әр жылдары Ұлы Отан соғысындағы жеңістің мерейтойлық медалдарымен марапатталған.
Пікірлер (0)