Дәстүрлі өнердің жаңа белесі: Саз аспаптары шеберлерінің одағы құрылды

Қосшы жаңалықтары
view 195
news

Фото: дереккөз

10 қазанда алғаш рет Қосшы қаласының Қоғамдық мәдени-спорт кешенінде еліміздің дәстүрлі өнер кеңістігі үшін маңызды мәдени шара – «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуына орай, І Республикалық құрылтай өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ол жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов, күйші Жанғали Жүзбай, шебер Жолаушы Тұрдығұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы және музыкалық аспап жасаушы шеберлер, өнер майталмандары мен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары қатысты. Сондай-ақ Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы құттықтау сөз сөйлеп, құрылтай жұмысына сәттілік тіледі.

Еске сала кетсек, Қосшы қаласының әкімдігі биыл наурыз айында қолөнер шеберлерінің басын қосып, қоғамдық мәдени спорт кешенінің ішінен шеберлер залын ашқан болатын. Ол креативті залда елімізге ғана емес, әлемге танымал шеберлер Бектас Кәрімұлы, Асқат Бозымбай, Нұржан Ділманов, Әлия Қалиасқаровалардың бұйымдары бар. Міне, енді мұнда «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы өз жалғасын табатын болды. Ұйымның төрағасы болып айтыскер ақын, қолөнер шебері Еркебұлан Қайназаров сайланды.

Жалпы, қазақ халқының рухани мұрасы мен музыкалық мәдениеті ғасырлар бойы саз аспаптарының үнімен ұштасып келеді. Қобыз, домбыра, сазсырнай, шертер, жетіген сияқты аспаптар тек музыкалық құрал емес, ұлттың рухани жадын сақтаушы символ ретінде танылған. Осы бай мұраны сақтау мен жаңғырту ісінде шеберлердің еңбегі өлшеусіз. Сол себепті аталған құрылтай ұлттық аспап жасаушы шеберлердің шығармашылық әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ерекше алаң болып отыр.

І Республикалық құрылтайдың негізгі мақсаты – қазіргі саз аспабы шеберлері және өнер мамандарымен ұлттық құндылықтар тақырыбындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау, саладағы ортақ бастамаларды жүйелеу және жаңадан құрылған қоғамдық ұйымның алдағы жоспарларын айқындау. Осы тұрғыда «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» бірлестігі кәсіби шеберлердің басын біріктіріп, ұлттық аспап өндірісінің сапасын арттыруды, дәстүрлі технологияларды жаңғыртуды және жас мамандарды тәрбиелеуді көздейді. Сонымен қатар, ұйым алдағы уақытта шеберлердің біліктілігін арттыру курстарын, көрмелер мен фестивальдарды өткізу арқылы мәдениетті насихаттауды жоспарлап отыр.

Мәдениет саласындағы мамандардың айтуынша, Қазақстанда музыкалық аспап жасау ісін бір жүйеге түсіріп, қолөнер мен шығармашылықты ұштастыру – ұлттық бренд қалыптастырудың маңызды қадамы. Құрылтай осы бағыттағы алғашқы іргелі бастамалардың бірі ретінде еліміздің өнер кеңістігін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуге тиіс. Сонымен қатар жаңа қоғамдық ұйымның құрылуы бұл бағыттағы жұмыстарды бір орталыққа шоғырландырып, кәсіби деңгейде дамытудың алғышарты болмақ.

Мәдениет саласының мамандары бұл құрылтайды ұлттық өнер мен шығармашылықтың жаңа серпіні деп бағалайды. Өйткені саз аспаптарын жасау ісі тек шеберлікті ғана емес, ұлттық болмысты сақтау миссиясын да арқалайды. Сондықтан да Қосшыда өткен бұл жиын қазақтың төл өнерін ұлықтап, саз аспабы шеберлерінің мәртебесін арттыратын айрықша мәдени белес болады деген сенім мол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуына орай, І Республикалық құрылтай өтетінін жазған болатынбыз. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *