Толғауы тоқсан тіршілік тоғыз айда реттелді
Фотосурет: Қосшы қаласының прокуратурасы
Биыл Қосшы қаласының прокуратурасы өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде бірқатар нақты нәтижеге қол жеткізді. Қадағалау органы әлеуметтік жанжалдардың алдын алу, азаматтардың құқығын қорғау, қылмыстың төмендеуін қамтамасыз ету және қоғамдық мүддені қорғау бағыттарында жүйелі жұмыс атқарды.
Әлеуметтік наразылықтың алдын алу
Прокуратураның және мемлекеттік органдардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде ұзақ жылдар бойы аяқталмай келген «Сирень бағы» тұрғын үй кешенінің құрылысы толық аяқталды. Бұл ретте 104 үлескер 10 жылдан аса уақыт бойы күткен пәтерлерін алды. Үйдің пайдалануға берілуі биылғы 27 шілдеде, Қосшы қаласының құрылған күніне орай өтті.
Бұл нысан Ақмола облысының проблемалық мәселелер тізілімінен алынып тасталып, құрылысты «КГС Сауда» ЖШС инвестициялық компаниясы іске асырды. Прокуратураның бастамасымен мемлекетке қайтарылған 3,2 га жер телімі аталған компанияға беріліп, өзара тиімді келісім жасалған.
Қазір осы құрылыс компаниясы тағы бір проблемалық жоба – 140-тан аса үлескері бар «Даймонд парк» тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап отыр.
Сондай-ақ қазір Қосшы қаласы мен елорда аумағында тұрғындардың наразылық акцияларына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.
Азаматтардың өтініші орындалды
Соңғы 9 ай ішінде прокуратура электрмен жабдықтау мәселесін шешу бағытында белсенді қадағалау жүргізді. Қадағалау актілерінің негізінде 2024 жылдың соңында облыс бюджетінен 250 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде апатты ажыратулар саны айтарлықтай азайды.
Одан бөлек, биыл 459 өтініш қаралып, 166 азамат жеке қабылдауда болды. «Smart AKB» ЖШС директорының өтінішін қарау нәтижесінде инвестордың құқығы қорғалды. Компания Қосшыда 120 млн теңге инвестиция салып, автосалон құрылысын жүргізіп жатыр.
Бұл ЖШС бір жыл бойы электрмен жабдықтаудың техникалық шарттарын ала алмай келген. Сол үшін ТКШ бөліміне және коммуналдық қызметтерге талай жүгінген.
Қала прокуратурасы 28 наурызда инвестордың қатысуымен құрылыс объектісіне шығу арқылы электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар алу үшін проблемалық мәселелерді талқылады. Егжей-тегжейлі талқылау нәтижесінде электр желілеріне қосылуға қажетті техникалық шарттар алынды. Қазір кәсіпорын толыққанды жұмысын жалғастырып отыр.
Қылмыс 27,6% азайды
Қалада қылмыстық құқықбұзушылықтар 27,6% (225-тен 163-ке) азайды. Оның ішінде ауыр қылмыстар 34,3%, орташа ауырлықтағылары 32,2% төмендеген.
Жалпы, қылмыстардың азаюына алдын алу жұмыстарының күшеюі ықпал етті. Алаяқтық фактілер де 36,3% азайып отыр. Атап айтқанда, биыл прокуратураның ҚР ҚПК 200-бабына сәйкес енгізілген ұсынымдарының негізінде алаяқтар рәсімдеген 24 несиенің әрекеті тоқтатылды.
32 іс бойынша жалпы сомасы 56 914 948 теңгені заңсыз иемденген 51 «дроппер» анықталып, оларға қатысты ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабы тәртібімен талап-арыздар берілді.
Қосшы қалалық ПБ өндірісінде барлығы 191 (өткен жылы – 275) іс болған. Оның ішінде 97 іс аяқталып, 46 іс сотқа жолданды.
Бастысы, азаматтардың конституциялық құқығының бұзылуы немесе прокурорлық қадағалау сапасының төмендігіне байланысты жеке қаулылар шығару фактілері болған жоқ.
Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау саласында 14 (өткен жылы – 15) қадағалау актісі енгізіліп, оның нәтижесінде 22 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазір тағы 2 акт қаралып отыр.
Сонымен қатар жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау саласында 9 тексеру жүргізіліп, 5 қадағалау актісі енгізілді. Соның нәтижесінде 3 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.
Жедел-іздестіру шараларын жандандыру аясында 71 нұсқама беріліп, олардың нәтижесінде 5 іздестіру ісі қысқартылды.
Жедел-іздестіру шаралары бойынша берілген нұсқамаларды орындау нәтижесінде 5 ашылмаған қылмыстық іс те қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқартылып, есептен алынды. Ал 11 іс бойынша күдіктілер анықталып, оның екеуі тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды.
Үмітті ақтаған үкімдер
Қалалық сотта 37 қылмыстық іс қаралып, 39 адамға қатысты шешім қабылданды. Оның ішінде 29 іс бойынша айыптау үкімдері шығарылып, 4 іс айыпталушының қайтыс болуына байланысты қысқартылды, ал 1 іс соттылығы бойынша басқа сотқа берілді.
Қатаң жаза қолдану тәжірибесі – 35,9%. Яғни сотқа берілген 39 адамның 14-іне нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған қатысты апелляциялық және кассациялық шағымдар түспеген.
Қазір пробация қызметінде 204 адам есепте тұр. Оның 10-ы – әйел, 20-сы – бұрын сотталғандар.
Сотта пробация қызметінің 7 бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынысы қаралып, сондай-ақ 7 шартты түрде мерзімінен бұрын босату материалдары қанағаттандырылды.
Сот үкімдерімен 10 372 675 теңге өндірілді. Жіктеп айтқанда, олар: мемлекет кірісіне – 6 324 735 теңге, жәбірленушілерге өтемақы қорына – 4 047 940 теңге. Оның ішінде 26 424 теңге нақты өндірілді десек, қалған берешек – 2 368 100 теңге.
Қалалық пробация қызметінің жұмысына да тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Ақмола облысы ҚАЖД атына ұсыныс енгізілді. Пробация қызметінің бастығы мен қызметкері қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік, азаматтық істерге ықпал
Қалалық сотта 602 әкімшілік іс қаралып, 216-сына прокурор қатысқан. Прокуратура ұсыныстары бойынша 2,8 млн теңге айыппұл салынып, мемлекет кірісіне 246,3 млн теңге өндірілді.
Сондай-ақ 127 іс бойынша әкімшілік іс, оның ішінде прокурордың қатысуымен 7 әкімшілік іс тоқтатылды.
Ал қоғамдық мүддені қорғау саласында 15 ұсыныс енгізіліп, 21 адам (оның үшеуі басшы) тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қадағалау актілері бойынша 2 839 047 теңге әкімшілік айыппұл, ал мемлекет кірісіне 246 308 389 теңге өндірілді. Одан бөлек, 4 мемлекеттік органның актісі өзгертілді.
Қоғамдық мүдде қорғалды
Бюджет және салық заңнамасы саласында да бұзушылықтар анықталды. Алдымен ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы мен мемлекеттік сатып алуды іске асыру қағидалары (Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы №687 бұйрығы) талаптарының сақталуына талдау жүргізілді.
Қалалық прокуратураның ұсынымымен жалпы сомасы 226 млн теңгенің электр желілерін жөндеуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурсы (тапсырыс беруші – Қосшы қаласының құрылыс бөлімі, жеңімпаз – «Azbuka sveta» ЖШС) жойылды.
Сонымен қатар, салық заңнамасы саласында қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде және қадағалау актісі негізінде «Сапа Су» ЖШС-нен мемлекет кірісіне 245,3 млн теңге өндіріп алынды.
Ол кәсіпорынға бірнеше рет хабарлама жолданғанмен, Салық кодексінің 118 және 120-баптарында көзделген банктік шоттар бойынша операцияларды тоқтату және мүлікке иелік ету құқығын шектеу шаралары қолданылмаған. Сондай-ақ кәсіпорынның балансында 10 жылжымайтын мүлік нысаны және 6 жылжымалы мүлік бірлігі бар екені анықталды. Бірақ оларға да ешқандай шектеу қойылмаған. Сонымен қатар кәсіпорын әлі де жұмыс істеп тұр. Қазір қызмет көрсетіп, қаржылық операцияларын жүргізіп отыр.
Атқарушылық іс жүргізу бойынша қадағалау актісі негізінде мемлекет кірісіне 414 788 теңге өндірілгенін де айта кеткен жөн.
Алимент төлемдері бойынша жалпы берешек 31,2 млн теңгені қамтыған. Прокуратура қадағалау актілері арқылы 5 137 390 теңге өндіріп, 3 борышкерді әкімшілік, 1 борышкерді қылмыстық және 1-еуін тәртіптік жауапкершілікке тартты.
P.S. Қорыта айтқанда, Қосшы қаласы прокуратурасының биылғы қызметі де аймақтағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың құқығын қорғауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тиімді қадамдармен ерекшеленіп отыр.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)