Қосшы қаласында ұлттық өнердің тың тынысы ашылады

Қосшы жаңалықтары
view 121
news

Фотосурет: автордікі

10 қазанда сағат 11:00-де алғаш рет Қосшы қаласының Қоғамдық мәдени-спорт кешенінде еліміздің дәстүрлі өнер кеңістігі үшін маңызды мәдени шара – «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуына орай, І Республикалық құрылтай өтеді.

Ол жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәдениет саласының жетекші өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ұлттық музыкалық аспап жасаушы шеберлер мен өнер майталмандары қатысады деп күтіліп отыр.

Жалпы, қазақ халқының рухани мұрасы мен музыкалық мәдениеті ғасырлар бойы саз аспаптарының үнімен ұштасып келеді. Қобыз, домбыра, сазсырнай, шертер, жетіген сияқты аспаптар тек музыкалық құрал емес, ұлттың рухани жадын сақтаушы символ ретінде танылған. Осы бай мұраны сақтау мен жаңғырту ісінде шеберлердің еңбегі өлшеусіз. Сол себепті аталған құрылтай ұлттық аспап жасаушы шеберлердің шығармашылық әлеуетін арттырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ерекше алаң болмақ.

І Республикалық құрылтайдың негізгі мақсаты – қазіргі саз аспабы шеберлері және өнер мамандарымен ұлттық құндылықтар тақырыбындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау, саладағы ортақ бастамаларды жүйелеу және жаңадан құрылған қоғамдық ұйымның алдағы жоспарларын айқындау. Осы тұрғыда «Саз аспаптары шеберлерінің одағы» бірлестігі кәсіби шеберлердің басын біріктіріп, ұлттық аспап өндірісінің сапасын арттыруды, дәстүрлі технологияларды жаңғыртуды және жас мамандарды тәрбиелеуді көздейді. Сонымен қатар, ұйым алдағы уақытта шеберлердің біліктілігін арттыру курстарын, көрмелер мен фестивальдарды өткізу арқылы мәдениетті насихаттауды жоспарлап отыр.

Мәдениет саласындағы мамандардың айтуынша, Қазақстанда музыкалық аспап жасау ісін бір жүйеге түсіріп, қолөнер мен шығармашылықты ұштастыру – ұлттық бренд қалыптастырудың маңызды қадамы. Құрылтай осы бағыттағы алғашқы іргелі бастамалардың бірі ретінде еліміздің өнер кеңістігін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуге тиіс. Сонымен қатар жаңа қоғамдық ұйымның құрылуы бұл бағыттағы жұмыстарды бір орталыққа шоғырландырып, кәсіби деңгейде дамытудың алғышарты болмақ. 

Мәдениет саласының мамандары бұл құрылтайды ұлттық өнер мен шығармашылықтың жаңа серпіні деп бағалайды. Өйткені саз аспаптарын жасау ісі тек шеберлікті ғана емес, ұлттық болмысты сақтау миссиясын да арқалайды. Сондықтан да Қосшыда өтетін бұл жиын қазақтың төл өнерін ұлықтап, саз аспабы шеберлерінің мәртебесін арттыратын айрықша мәдени белес болады деген сенім мол.

Пікірлер (1)

  • Алмас

    Сіздерде электронный пошта бар ма? Автобиографияның электронный үлгісін қалай жібереміз? Одаққа кіру үшін.

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *