Ақмолалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін кеңінен атап өтті
Сурет: Ашық дереккөзден
Бүгін Абылайхан алаңы нағыз достық пен бірліктің символына айналды. Ұлттық киім киген көпшілік, көкке желбіреген көк ту, жанды музыка мен күмбірлеген күй – бәрі де елдегі этностар арасындағы жарасымды өмірдің көрінісі іспетті. Бұл Көкшетаулықтар мен қала қонақтары Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өткенінің дәлелі.
Бұл жай ғана мереке емес. Бұл татулық пен өзара түсіністіктің, әртүрлі мәдениеттің бір арнада тоғысып, біртұтас ел бола алғанынның айғағы. Мерекеге келген әр адамның жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі байқалды. Мерекелік шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев барша жұртты айтулы күнмен құттықтап, бірлік пен ынтымақтың ел дамуындағы маңызына тоқталды.
«Ұлттық бірлік – баға жетпес байлығымыз, мемлекеттігіміздің берік іргетасы. Бүгінгі мереке еліміздегі көпұлтты қоғамның біртұтастығын паш ететін, ортақ мұраттарға деген адалдықты айқындайтын ерекше күн. Біз бәріміз бір шаңырақтың, бір тағдырдың, бір болашақтың адамымыз», – деді әкім орынбасары.
Іс шара барысында «Бірлік» спорттық жарысының қатысушылары алаңға салтанатты түрде кіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Этномәдени орталықтардың өкілдері, студенттер, оқушылар және қоғам белсенділері қатысқан бұл шара ел ішіндегі достық пен өзара құрметтің нақты көрінісі болды.
Салтанатты жиын барысында ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар ақмолалық азаматтар арнайы марапаттар мен мерейтойлық төсбелгілерге ие болды. Солардың бірі – қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ардагері Мейрамбек Қиықов.
«Бұл марапат мен үшін үлкен жауапкершілік. Еңбегімді елеген ел азаматтарына алғысым шексіз. Қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу, елдің татулығын сақтау әрбіріміздің азаматтық парызымыз», – деді ардагер толқыныспен.
Мерекелік шарада түрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі көрермендерді тәнті етті. «Гәкку», «Көкшетау», «Сувенир», «Қазына» сынды халықтық ансамбльдер мен өнер ұжымдарының өнері арқылы еліміздің бай мәдени келбеті айқын көрінді. Мерекелік көңіл күйге бөленген қала тұрғындары да іштегі толқыныс пен қуанышты жасырмады.
«Бұл мерекеде тек ән-күй емес, адамдар арасындағы шынайы жылылық сезіледі. Әр ұлт өз өнерін паш етіп, бір-бірін құрметпен қарсы алады. Нағыз достық осындай болады», – дейді қала тұрғыны.
Мерекенің ерекшелігі биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі. Бұл тарихи құрылымның ел бірлігін сақтаудағы орны ерекше екенін көпшілік тағы бір мәрте сезінді.
Шара соңында барлық өнерпаздар мен жүргізушілер сахна төріне шығып, «Қазақстан – алтын ұям, бесігім» әнін орындады. Көк тудың астында тоғысқан сан ұлт өкілі бір дауыспен болашаққа деген үмітін, елге деген сүйіспеншілігін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 48 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар 100-ге жуық этнос өкілдерінің өзара татулығын нығайтып, ортақ мүдде жолында еңбек етуде.
Пікірлер (0)