Ақтөбе облысында оқушыларды тегін тамақпен және тасымалдаумен қамту жұмыстары күшейтілді
Сурет: gov.kz
Жаңа 2025-2026 оқу жылында Ақтөбе облысының 405 мемлекеттік білім ошағында оқушыларға тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ақтөбе облысында тегін ыстық тамақпен 70 176 бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік санаттағы 5–11 сыныптарда оқитын 8 560 бала қамтылмақ. Барлығы шамамен 79 мың оқушы.
Тамақтануды ұйымдастыруға бюджеттен 8,37 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 6,66 млрд теңге – бастауыш сынып оқушыларына, 1,7 млрд теңге – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына бағытталған. Белгіленген стандартқа сәйкес, мектептерде маусымдық екі апталық мәзір енгізілген. Бір баланың күнделікті рационы – 665 теңге көлемінде.
Сондай-ақ, 16 624 оқушы қаржылай-материалдық көмек алады. Бұл мақсатқа 768 млн теңге бөлініп, ата-аналардың есепшоттарына қаржы толығымен аударылды. Орта есеппен әр балаға 46 228 теңгеден тиесілі.
Балаларды тасымалдау да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда 145 автобус қызмет көрсетеді, оның 53-і білім беру ұйымдарының балансында болса, 92-сі жалға алынған. Нәтижесінде мектептен үш шақырымнан алыс тұратын 12 514 оқушы және мектеп жоқ елді мекендерде тұратын 199 бала тегін тасымалдаумен қамтылып отыр.
Пікірлер (0)