Аршалы ауданының Берсуат ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті

Жаңалықтар
view 26
news

Фотосурет: istockphoto

Аршалы ауданының Берсуат ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба «ТНС-Агро» ЖШС-нің демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты оқиғамен құттықтап, дене шынықтыру мен спортпен айналысуға жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

«Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Әсіресе, заманауи спорттық инфрақұрылымның ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы маңызды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де осыдан көрінеді: мемлекет аграршыларды қолдайды, ал олар өз кезегінде ауыл тұрғындарына қажетті осындай нысандарды салады», – деді өңір басшысы. 

Аумағы 315 шаршы метрден асатын жаңа ангар үлгісіндегі спорт нысаны бір мезгілде 100 адамға дейін қабылдай алады. Бұл балалардың, жастардың және ересектердің спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік береді. Әмбебап спорт залы мини-футбол, волейбол, баскетбол және дзюдо бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған. «Көп жылдар бойы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Сондықтан өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулуда спорттың маңызы зор екенін жақсы білемін. 

Біздің ауылда аудан мен облыстың намысын республикалық жарыстарда қорғап жүрген, жүлделі орындарға ие болып жүрген жас спортшылар бар. Жаңа спорт кешені олардың жаттығуына үлкен мүмкіндік береді», – деді Берсуат ауылының тұрғыны Сәкен Үстенбеков. 

Сонымен қатар елді мекен инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Ауылға апаратын ұзындығы 15 шақырымдық кіреберіс жол пайдалануға берілді, көше жарықтары жаңартылып, стадионға жарықтандыру бағаналары орнатылды. 

Бұдан бөлек, облыс әкімі спорт кешенінің аумағында волейбол, футбол, баскетбол және воркаут алаңдарын қамтитын көпфункционалды спорт алаңын салуды тапсырды. Айта кетейік, Берсуат ауылында 700-ден астам адам тұрады. Оның ішінде 180-і – жастар, сондай-ақ 15 көпбалалы отбасы бар.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *