Ассамблея – елдік пен бірліктің ұйытқысы
Қосшы жаңалықтары
502
Бірлік — адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Бірлік болмай тірлік болмайтынын әу бастан ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап келе жатқан халқымызда отбасының, ағайынның, елдің ауызбірлігі, татулығы бәрінен жоғары болған. Бұл қағида бүгінгі күні де өзектілігін жойған емес. Ата-баба ізін жалғаған бүгінгі қазақ елі 130-ға жуық өзге ұлт өкілдерімен бірге бір шаңырақ астында күн кешуде.
Түрі басқа болса да, тілегі бір өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны, әрине, бірліктің арқасы. Татарстанда туып-өскен, ал бүгінгі Қосшы қаласының тұрғыны Фауасим Гелменгальиев барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, тұрақтылықты сақтауда Қазақстан халқы ассамблеясының маңызы зор дейді.
Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде - тірлік бар», «Береке басы - бірлікте», «Ырыс алды - ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді.
Қазақ жері – алмағайып күн кешіп, туған жер, туған елден жыраққа жер аударылған өзге жұрттың басы қосылып, тағдыры тоғысқан мекен. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуін бастан өткізген осынша ұлттың қазіргі таңда татулықта күн кешуі ғасырлар бойы қалыптасты.
Ата-анасы сонау 1946 жылдары Қазақстанға жер аударылып, қазіргі Қосшы қаласына тұрақтанған. Содан бері осы қаланың тұрғыны болып, өсіп-өнген үлкен әулетке айналып отыр.
Фауасим мырза ол кезде алты жасар бала болыпты. Күн көру қамымен ерте жастан еңбекке араласып, шөп шауып отбасына көмектескен. Ер жете келе тракторды меңгеріп, куәлік алып, механизатор маманы болған. Қырық жылға жуық Қосшы завхозында техникумда қызмет жасаған. Бүгінде еңбектің жемісін көрген ақсақал 82 жаста. Қазақстанда өз отбасын құрып алты ұл-қыз тәбиелеп өсіріп, әрқайсысы белгілі бір маман иесі атанып отыр. Қосшыға танымал отбасы қазақтармен бірге бітесе өмір сүріп келеді. Фауасим атаның он сегіз немересі мен одан тараған шөберелері де жетерлік.
Қазақстан екінші отанына айналған Фауасим мырза мұнда жұмыс істеймін деген адамға, әсіресе аналарға кәсіп бастау үшін барлық жағдай жасалған дейді. Сол үшін ел Президентіне, барлық қазақстандықтарға үлкен алғысын және шынайы құрметін білдіріп отыр.
Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына да 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде еліміз сонау ізгі мақсаттың орындалғанын дәлелдей алды. Өзге ұлт өкілдерімен өзара қарым- қатынас деңгейі тұрақты саналатын аймақта осы күнге дейін этносаралық шиеленіс туындамағанын да айта кеткен жөн. Бөтен деп бөлектемей, бір елдің азаматы деп танитын қазақ жұртшылығынан қағажу көрмеген олар барша қазақстандықты бауыр тұтады. Тіпті арада кикілжің туып, араздық болуы мүмкін емес деп санайды.
Еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың тарихы мен тірлігі қазақ жұртымен біте қайнасып, бүтін елге айналды. Зайырлы мемлекетте оларды кемсітуге, құқығын шектеуге жол жоқ. Әр ұлттың өзіндік тарихын, мәдениетін тануына, салт-дәстүрін сақтауына мүмкіндік берілген. Міне, осылайша біздегі ұлт пен ұлыстың ынтымағы берік, тірлігі түзу, бірлігі бекем орныққан.
Қазіргідей әлем елдеріндегі ұлтаралық, дін- аралық қақтығыс күшейіп, соғыс дендеген тұста Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің нышанына айналып, дамудың даңғыл діңгегі.
Өткенге көз жүгіртсек, небір зұлматты бастан кешкен түрлі ұлттардың тағдыры, көрген азабы еріксіз еске түседі. Мұндай қиындық біздің де басымыздан айналып өтпеді. Тағдыр айдап бабаларымыз қазақ жеріне жер аударылды. Ашаршылықтың зардабын тартты. Әке-шеше, бауырынан айырылды.
Бұл тек бөтен жерге жер аударылған ұлттардың емес, жергілікті халықтың да басынан өткен жағдай еді. Соған қарамастан, жатсынбай бауырына басқан жақсылығын өзге ұлт өкілдері қалай ұмытсын?
Содан бері қанша уақыт өтсе де, қазақ жерін мекендеген ұлт пен ұлыс өсіп-өнген елінен жыраққа кеткісі жоқ. Қазақ халқымен бірге бейбіт заманда туыс, бауырдай өмір сүріп келеді. Мұны тағдыры бір ұлттар мен кеңпейіл қазақ халқының ауызбірлігінің арқасы деуге болады. Осы уақытқа дейін уайым-қайғысыз, соғыссыз өмір сүріп жатқан жеріміздің тыныштығы мәңгі, достығымыз берік болса екен деймін. Бабалардан сақталған бірлігіміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін.
Қазақстанға табан тіреген ата-бабамыздың бұрын- соңды көрмеген жерге, білмейтін ортаға сіңісіп кету олар үшін оңай болған жоқ. Десе де жергілікті халықтың өзара татулығы олардың жат жерді жатсынбауына себеп болды. Осында өсті, ұрпақ өрбітті. Содан бері Қазақстан мемлекеті ата-анамның Отанына, біздің туған жерімізге айналды.
Бүгінде елімізде қаншама ұлт пен ұлыс болса, барлығына тең мүмкіндік, құқық берілген. Мұнда сен орыссың не украинсың, мен қазақпын деген түсінік жоқ. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрудеміз. Осы ауызбірліктің арқасында еліміз биік белестерді бағындырды. Көпұлтты ел ретінде өзге мемлекеттерге татулық, достықтың үлгісі болуда. Тәуелсіз еліміздің бұдан әрі қарыштап дамуы үшін қазақстандықтардың бірлігі бекем болуы керек. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бекер айтпаған. Барлығымыз бір халық – бір ел – бір тағдыр үшін ынтымақта еңбек ететінімізге сенемін.
Әкелердің мемлекеттің тәуелсіздігі, балалардың тәрбиесі, отбасының нығаюы үшін әрбір үйдегі бейбітшілік пен келісімнің толық жауапкершілігін түсінеміз. Біз ата-аналық міндетімізді балаларымызда елдің басқа этностарымен достықта өмір сүруге мүмкіндік беретін толерантты сананы қалыптастыру үшін атқарып отырмыз, бұл мемлекеттегі тұрақтылықты, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қамтамасыз етуге ықпал етеді дейді.
Бізде қиындықтар болмады емес, болды. Бірақ мен ешқашан мемлекет немесе туыстар бізге көмектесуі керек деп ойлаған емеспін. Мені әрдайым қолдағаны, маған сенген отбасыма ризамын. Бүгінде көпбалалы отбасына айналып, ұрпағымыз жалғасын тауып, Қазаұстанда жаұсы өмір сүруде.
Қазақстанда қиындыққа тап болған татарларды әрдайым жылы қабылдады. Бізге әрқашан қол ұшын созын көмек көрсетіп, қолдау білдірген барша Қазақстан халқына алғысымды жеткізгім келеді. Мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздегі халықтардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады. Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін!
Материалды дайындаған Мадина САРБАЛАЕВА
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)