Мәдениет – қоғам айнасы

Қосшы жаңалықтары
view 936
news

Мәдениет адамның қолымен, ақыл-ойымен жасалған және атқарылып жатқан дүниені түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын туындатуға дейінгі ұғымды қамтып жатқан мәдениет саласының өрісі кең. Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірге байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді. Мәдениет ұғымы алғаш пайда болған кезде адамның табиғатқа ықпал етуін анықтау үшін, яғни оның дүлей күштерін бағындырып, көздеген мақсатына жететінін білдіру үшін қолданылды. Мәдениет туралы түсініктің кең қолданылуы, әсіресе, ХІХ ғасырда тарихшылар мен этнографтардың еңбектерінде ерекше орын алды. Сол кезде «Мәдениет тарихы» деген пән де пайда болды. Мәдениет жайлы Сергей Капица «Адамдарға мәдениетті таяқпен болса да үйретуіміз керек, әйтпесе күйрейміз» - дейді. Жалпы, біз сөз басын мәдениет жайлы ойлардан бастадық. Бүгінгі сұхбатымыз да осы сала жайлы болып отыр. Сұрақтарымызға Қосшы қаласының ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімі жанындағы «Қосшы қаласының мәдениет үйі» МКҚК директоры Баянды Сахарияұлы жауап берді. – Баянды Сахарияұлы, мәдениетті елдің мәртебесі қашанда биік екені айтпаса да түсінікті. Өзіңізге әуелгі сұрақты жалпы мәдениетті ел қандай болу керек дегеннен бастасақ. – Мәдениетті адам – мәдениетті қоғамның кепілі. Мәдениет деген сөз тек ән мен би, күйдің төңірегінде деп түсінетін адамдар кейде кездесіп жатады. Дегенмен, мәдениетті болу үшін міндетті түрде өнерге жақын болу керек деген сөз емес. Мәдениет – тұтас адамның мәдениеттілігі. Оның жүріс-тұрысы, тамақтануы, киімі, сөйлеуі, көшеде жүруі, адаммен қарым-қатынасы – барлығы мәдениетті болса, бұл біздің қоғамымның мәдениеттілігін білдіреді. Еуропаға, шетелге барғанда қызығып қайтамыз ғой?! Кейбір нәрселерге таң қалып жатамыз. Біз де мәдениеттен жұрдай емеспіз. Әдемі қалыптасқан өз мәдениетіміз бар. Тіпті сол Еуропаға бергісіз тәлім-тәрбие біздің қазақи болмыста тұнып тұр. Сондықтан, оны жаңғыртып, жастарға, өскелең ұрпақтың жаңа мәдениетті Қазақстан құруына ықпал етуіміз керек деп ойлаймын. Сол бағытта өз тарапымыздан, қолымыздан келгенше, шама-шарқымызша, өреміздің жеткенінше еңбек етіп жатырмыз. Мәдениетті жас буынның қалыптасуына осы Қосшы қалалық әкімдігінің қолдауымен көптеген жобаны жүзеге асырып келеміз. Мәдениетті ел деп дамыған, адамдары ілтипатты, ізетті, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор, қоғамға жанашыр, ортаның тазалығын сақтайтын, мәдениетін сақтайтын елді айтамыз. – Қосшы қалалық мәдениет үйі тарапынан атқарылып жатқан істердің куәсі болып жүрміз. Алдағы уақытта қандай ауқымды жоспарларыңыз бар? – Жақында қала атанғанымызға бір жыл толады. Арманымыз – таудай. Алдағы уақытта қаламызда ірі мәдени ошақтары салынады деп, қала әкімдігі қуантып отыр. Солар іске асса, ауқымды жобалар халықтың мәдени жағынан дамуына, жастардың мәдениетті болып қалыптасуына, жақсы буын тәрбиелеуге сеп болмақ. Алдағы уақытта Қосшының дарынды жастарын биік белестерге бағыттауды көздеп отырмыз. Олардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған жобалар баршылық. «Арық сөйлеп, семіз шығайық» демекші, оларды алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. – Сіздердің толыққанды жұмыс істеулеріңізге жетіспейтін қажеттіліктер бар ма? Қосшы халқы үшін мәдениет үйі ғимаратының маңызы қанша? – Қосшы халқына мәдениет үйі ауадай қажет. Қазіргі таңда біздің мәдени іс-шаралар, демеушілердің қолдауымен ірі мейрамханалар мен демалыс орталығында, саябақтарда өткізіліп жатыр. Соның өзінен-ақ бізге мәдениет үйінің қаншалықты қажет екенін түсінуге болады. Қала тұрғындарының саны уақыт өте көбеюде. Сондықтан, бір емес, бірнеше мәдени ошақ міндетті түрде қажет. Мысалы, театр, концерт залдары. Алдағы уақытта осылардың барлығы болады деген үлкен үміт бар. – Сіз басқарып отырған мәдениет үйі ашылғанда 12 үйірме болған екен. Қазіргі таңда олардың саны қанша? Және, сіздің ойыңызша, бүгінгі жастардың қызығушылығы неде? – Бүгінгі жастарға бәрі қызық. Әрине, көбісі интернетте, әлеуметтік желіде отыр. Одан да біздің мәдениет үйіндегі үйірмелерге келіп қатысса деп кеңес береміз. Қосшы қаласының әкімдігі, ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімдерінің қолдауымен тегін үйірмелер бар. Онда мықты жас мамандар қызмет етеді. Ал үйірмелеріміздің саны артпаса, кеміген жоқ. Алдағы уақытта тағы да жаңа бағыттағы үйірмелер ашуды көздеп отырмыз. Толығырақ әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан біле аласыздар.– Мәдениет үйінің жалпы бүгінгі беталысы қалай? – Біз қызметімізді, жұмысымызды барынша креативті, жаңашыл дүниелерге арнауға тырысамыз. Кеңестік дәуірден қалған сарқыншақ дүниелер емес, мүмкіндігінше, озық дүниелерді ұсынамыз. Мұқағали «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегендей, қазақтың мәдениетін қолымыздан келгенше «шекпен» жауып, халыққа қайтадан ұсынуға ұмтылудамыз. Нәтижесіне уақыт төреші, халық төреші.– Жалпы өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз. Мәдениет саласына қалай келдіңіз? Бала Баяндының арманы қандай еді? – Мектеп жасымыздан өнерді армандадық. Кейін университет қабырғасына келген кезде әжәптәуір өлең жазып жүрдім. Ол өлеңдерім университеттің қабырға газетіне шығып жүрді. Сосын қазіргі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әзілкеш Тұрсынбек Қабатов екеуміз Астана қаласы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық техникалық университетте «Аграрка сарбаздары» КВН командасын құрып, 2008-2009 жылдар аралығында өнер көрсеттік. 2010 жылы Тұрсынбектің басшылығымен, сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен, «Базар жоқ» деген атаумен қазіргі «Әзіл әлемі» театрын аштық. Одан ары команда еңбегі бағаланып, «Әзіл әлемі» сапында сценарист, автор, редактор болып жұмыс істедім. Тұрсынбектің қасында жүріп, әзілдер монологтар жазып, осы салада шыңдалдық. Ары қарай «Қазақстан», «Хабар», «КТК» телеарналарында әлеумет, мәдениет, әзіл-сықаққа қатысты көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Сонда жүріп ұйымдастырушылық қабілетіміз ашылды деп ойлаймын. Содан кейін оқу керегін түсініп, Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-ді 2013 жылы «Мәдени ты-нығу жұмысы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Осылайша алғашқы мамандығым ауыл шаруашылығына қатысты болса, кейінгі мамандығым мәдениет саласы болды. Осындай істердің басы-қасында жүргенде Қосшыдағы мәдениет үйінің директорлығына конкурс болып, сол конкурстан сүрінбей өтіп, бүгінде қызмет етіп келемін. Біздің арманымыз – осы мәдениет саласында қызмет ету. Осы Қосшы тарихында қалатындай жаңа дүниелер жасауға атсалысудамыз. Себебі Қосшы халқы – өте өнерпаз, мәдениетті халық. Кез келген салада өте белсенді. Тұрғындар өз қаласын сүйеді. Қосшы қаласы деген дәреже қосшылықтарды біріктіре түскен сияқты. Ендігі мақсатым – осы қаланың тұрғындарымен бірге жақсы жобаларды жүзеге асыру. «Адамның жасына қарап емес, мәдениеттілігі мен біліміне қарай бағалауымыз керек» - дейді Унистон Черчилль. «Болар баланың белін буып», Қосшы мәдениетін алға бастыру – басты мақсатымыз. Соған жетеміз деп ойлаймын. – Бүгінгі мәдениет деңгейін қалай бағалар едіңіз? – Оған мен емес, халық баға береді деп ойлаймын. Халықтан асқан сыншы жоқ. Сондықтан, біз тек осы мәдениет саласында аз да болса жиған тәжірибеміз- ді, оқыған-тоқығанымызды, көргенімізді қосып келеміз. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан шетелдік мәдениетті өзіміздің менталитетке айналдырып, бізге кері әсерін тигізбейтін етіп жаңғыртып, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен ұштастырып жатырмыз. Оның бағасын алдағы уақыт беретін шығар. Ал қазақтың мәдениеті – тиісті дәрежеде өз бағасын алған дүние. Енді біз оның құнын биіктетіп, алға ұмтылуымыз керек. Мемлекет басшысы бастаған Әділетті Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетін дамытуға сай болатындай қызмет етсек деген тілегіміз бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Нарқұлан Райхан

   

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *