Астана әкімі LRT қашан іске қосылатынын айтты
Фотосурет: instagram.com/cts_kz
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада жақын айларда LRT іске қосылатынын айтты. Ол құрамдар пилотсыз режимде қатынайтынын атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Астана әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысқанын жазды.
"Орталық, көлік жүйесін басқару мен қаладағы жол-көше желісіндегі процестерді үйлестірудің негізгі элементіне айналады. Оның функционалына LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйесінің бағдаршам нысандарын үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін диспетчерлеу, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу және сараптамалық талдау кіреді", - деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар елорда әкімі бірқатар станцияны аралап шыққандарын жеткізді.
Оның айтуынша, сынақ режимінде пайдалану бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес бүкіл желі бойынша жүріп жатыр. Жеңіс Қасымбек LRT шамамен қашан іске қосылатынын да айтты.
"LRT құрамдары пилотсыз режимде қатынайды. Сынақ режимінде пайдалануды аяқтау және жолаушылар қозғалысын бастау күні барлық іс-шара кешені толық орындалып, жүйенің белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталатын болады. LRT жұмысының басталуы жақын айларда (көктемде) күтіледі", - деп жазды Астана әкімі.
Пікірлер (0)