Астанада терминографияның өзекті мәселелері талқыланды
Фото: дереккөз
Астана қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Терминография: теория, практика және даму бағыттары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Офлайн және онлайн форматта өткен жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары, тіл мамандары, мемлекеттік орган өкілдері мен салалық сарапшылар қатысты.
Конференцияға Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов төрағалық етіп, терминология саласының ұлттық ғылымдағы және цифрлық трансформация жағдайындағы рөліне тоқталды.
Ол тіл саясаты мен терминологиялық жұмыстың өзара байланысын күшейту, цифрлық дерекқорларды дамыту және салалық терминдерді біріздендірудің маңызын атап өтті.
Шара барысында бірқатар ғылыми баяндамалар ұсынылып, қазіргі терминографияның бағыттары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, PhD Рима Әбдуәлиева математикалық терминдер жүйесін жасауда нейрондық жүйелерді қолдану мәселелерін көтеріп, жасанды интеллекттің терминжасамға енгізілуі саланы жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.
Астана қаласы №16 мектептің мұғалімі, PhD Ақжібек Ахмет цифрлық кеңістікте қалыптасып жатқан будан терминдер туралы зерттеуін ұсынып, жаңа терминдердің жасалу табиғаты мен олардың тілдік жүйеге әсерін талдады. «Тіл-Қазына» орталығы Терминология бөлімінің басшысы, ф.ғ.к. Нұрзия Әбдікәрімқызы ұлттық терминологияны жүйелеу міндеттері мен цифрлық терминографияның артықшылықтарына тоқталып, қазіргі жобалардың бағыт-бағдарын таныстырды.
Сонымен қатар «Muqaba» баспасының директоры Арман Әлменбет баспа ісіндегі термин жасаудың ерекшеліктерін «Комментатор сөздігі» мысалында түсіндіріп, тәжірибелік тұрғыдан терминографияның маңызын көрсетті. Әлихан Бөкейхан университетінің аға оқытушысы, PhD Айнұр Несіпбай туризм саласындағы терминдерді электрондық сөздіктерге енгізудің әдістемесі туралы ой бөлісіп, салалық терминологияның қолжетімділігі мен түсініктілігін арттыру тетіктерін ұсынды.
Ал А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының докторанты Аягүл Омарова электрондық терминографияның мүмкіндіктері мен цифрлық ресурстар арқылы терминдерді стандарттаудың жаңа тәсілдерін таныстырды.
Заң саласы бойынша Әділет министрлігінің сарапшысы Мадина Оспаналы өз баяндамасында құқықтық терминдерді біріздендірудегі проблемаларды атап өтіп, ресми құжаттардағы терминологиялық нақтылықтың маңызын ерекше айтты. Жиын соңында қатысушылар жарыссөз барысында пікір алмасып, саланың даму бағыттарын айқындауға арналған бірқатар ұсыныстар қабылдады.
Терминологиялық дерекқорларды жетілдіру, цифрландыруды тереңдету, жасанды интеллектті терминологиялық талдауға енгізу және салалық мамандар мен лингвистердің бірлескен жұмысы конференция қорытындысында негізгі басымдық ретінде белгіленді.
Конференция соңында сарапшылар сөз алып, ортақ кәсіби пікір алмасу ұйымдастырылды. Жиын нәтижесінде терминографияны дамытуға бағытталған нақты ұсыныстардан тұратын арнайы ҚАРАР қабылданды.
«Терминография: теория, практика және даму бағыттары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясының ҚАРАРЫ Электрондық (цифрлық) сөздіктерді әзірлеуде нейрондық жүйелерді қолдану тәжірибесін зерделеу Oxford, Cambridge, ABBY Lingvo, FieldWorks Language Explorer және өзге де сервистердің функционалы зерттеліп, олардың қазақ терминографиялық сөздіктерін жасау барысында қолданылуы ұсынылсын. Қазақ терминологиясын автоматтандырылған жүйелер арқылы өңдеуге арналған алгоритм әзірлеу Терминдердің макро/микро құрылымын, оның ішінде префикс, түбір, жұрнақ сияқты бөлшектердің қызметін айқындап, машиналық талдауға бейімделген алгоритм жасау ұсынылсын.
Салалық терминологиялық дерекқорлар әзірлеу Терминдердің дефинициясы, салааралық қолданысы, синонимдері, көптілді аудармасы және лингвистикалық белгілерін қамтитын, ғылыми мәтіндерден терминдерді автоматты тану мен жүйелеуді қамтамасыз ететін цифрлық базалар жасау міндеттелсін.
Республикалық терминология комиссиясының жұмысын оңтайландыру Комиссия отырысына тек мамандар консорциумы даулы деп таныған терминдерді ғана ұсыну және шешім қабылдау процесін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіру тапсырылсын.
Терминжасамда жалғамалы тілдер тәжірибесін қолдану Қазақ тілінің табиғатына жақын жапон, корей және моңғол тілдерінің терминологиялық тәжірибесін салыстырмалы зерттеу арқылы кірме терминдерді игерудің тиімді әдістерін әзірлеу ұсынылсын.
Терминологиялық консорциум құру ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары және мемлекеттік мекемелерді біріктіретін консорциум қалыптастырып, ғылыми жобалар әзірлеу және оларды бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға ұсыну туралы Ғылым комитетіне ұсыныс жолдансын.
Терминология және цифрлық лингвистика кадрларын даярлау «Қолданбалы лингвистика», «Компьютерлік лингвистика» мамандықтары бойынша ІТ құзыреті бар тіл мамандарын даярлау қажеттілігі туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетіне және ҒЖБ саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне ұсыныс енгізілсін.
Дәулетқали АСАУ
Пікірлер (0)