АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ

Редакция таңдауы
view 163
news

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ

Қосшы қаласындағы «Жанұя» отбасылық денсаулық емханасы - тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталыққа тіркелген емделуші саны да артуда. Жуырда шаһада жаңадан бой көтерген көп қабатты үй тұрғындары да медициналық мекемеге тіркеледі деп күтілуде. Ал жаңа жылда Қосшылық медициналық қызметкерлер үшін жағымды жаңалық көп болды. Оның бірі ақхалаттылардың жалақысының артуы болып отыр. Иә, биылдан бастап елімізде дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, медбикелердің жалақысы 20 пайызға дейін өсіп отыр. Сонымен қатар, Қосшы қаласында 2023 жылы да медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру шаралары жалғасын табады. Арнайы семинарлар онлайн және офлайн форматта өткізіледі деп жоспарланған. Ақ халаттылардың сөзінше Қосшыда медицина дамып, денсаулық сақтау нысандары соңғы үлдігеді заманауи құралдармен жабдықталған қазіргі таңда сырқатты емдеп жазу арқылы ана мен бала саулығын сақтау, өлім-жітімді болдырмау талаптары қолға алынып келеді.

Емхана мамандарының жұмыс бағыты профилактикалық шараны қолға алып, дерттің алдын алу, -дейді ақ халаттылар. Сондықтан медициналық мекемеде скринингтік тексеру жұмысы, екпе алу, халыққа түсіндірме жұмысын жүргізу жолға қойылған. “Аурудың жақсысы жоқ” деген қанатты сөз бар. Бүгінде елде балалардың неврологиялық белгілері бар ауруларға шалдығуы да жиілеп кетті. Әсіресе, гипоксия диагнозы жиі қойылады. Статистикаға сүйенсек, жүз адамның төртеуінде осы дерт кездеседі екен. Жалпы гипоксия қауіпті ме? Асқынса, қандай сырқаттарды қоздырады және оның алдын алу жолдары жайында “Жанұя” емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Есенгулова Жанна Болатқызы тарқатып айтып берді. “Гипоксия дегеніміз – ағзаға оттегінің жетіспеушілігі болып саналады. Ол мидың барлық бөліміне жағымсыз әсер етеді. Оттегі жетіспеушілігі неврологиялық бұзылыстардың пайда болуына алдын ала жағдай жасайтын жасушалардың жойылуына алып келеді. Гипоксия бала анасының ішінде жатқанда немесе босану кезінде оттегінің дұрыс бармауынан болуы мүмкін. Гипоксияға әкелетін себеп өте көп. Ең алдымен ол – жүкті әйелдің денсаулығы. Жүкті кезінде ауырған болса немесе бұрыннан келе жатқан созылмалы аурулар болған жағдайда ол іштегі балаға да әсер етеді. Сонымен қатар қан аздық та (анемия) іштегі сәбиді гипоксияға шалдықтыруы мүмкін. Одан басқа инфекциялық аурулар да, қант диабеті де әсер етеді. Кейде жүктілік 42 аптадан асып кетсе де оттегінің жетіспеушілігіне алып келеді. Шылым шегу, алкогольдік ішімдік ішу секілді зиянды әдеттер де бала денсаулығына өз әсерін тигізеді. Бұл бала іште жатқанда пайда болатын гипоксияның себептері. Ал туғаннан кейін орын алатын гипоксия босану кезінде және бала артық салмақты болғанда туындайды. Балаға оттегінің жетіспеушілігі ағзаның барлығына әсер етеді: жүректің жұмыс істеуі, тыныс алу жүйелері нашарлайды, рефлекстер төмендейді. Сондықтан уақытында ем-дом шарасын қабылдау керек”,- деді дәрігер. Сондай-ақ, дәрігер балалар арасында байқалып жүрген дерт - дисплазияның алдын алу жолдарын да атап өтті. Елімізде жаңа туған 100 нәрестенің 20 пайызында осы ауру кездеседі екен. Жанна Болатқызының сөзінше, Қосшыдада балалар арасында бұл кесел түрі кездеседі. Алайда оны емдеудің жолы бар. Тек дер кезінде анықтап, кешенді ем жүргізу керек,- дейді дәрігер. Ұршық басы дисплазиясы нәресте жатырда жатқан кезде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болады екен. “Негізі туа бітті ұршығы шығып кеткен және екінші диплазия деген бар. Дисплазия деген ол – ұршықтың басы кальций жетіспеушілігіне байланысты бос болып дамымай тұрады. Негізінде мұны емдеудің сан түрі бар. Мәселен, балының аяғына шина кигіземіз немесе массаж қабылдайды. Жалпы дерт неғұрылмы ерте анықталса, соғыұрлым тез сауығуға мүмкіндік мол. Біз жаңа туған нәрестені 1 айында хирург, ортопед мамандарына тексеруге жібереміз. Дисплазия сол кезде анықталса, ем қабылдауды бастап кетеді– дейді Жанна Болатқызы. Десе де, дәрігер ата-аналар қауымына бала бір айға толған кезде хирург- қа барғанда міндетті түрде аяғын тексертіп алуы керектігін тағыда ескертеді. «Бау-шарбағымыздың бақыты жолында жанды да құрбан етуге дайын тұратын балажан халықпыз ғой. Сондықтан, ұрпақ саулығына салғырт қарамайық»,-деп ойын толықтырды жалпы тәжірибелік дәрігер. Сондай-ақ, Қосшы халқының бұл сырқаттан қаншалықты хабары бар екенін білу мақсатында тұрғындар арасында онлайн шағын сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесінде басым бөлігі бұл дерттен хабардар болып шықты. Көпшілік дисплазияны емдеу тәсілінде емхана мамандарына жүгінетіндіктерін жеткізді. Ескеретін жайт, ананың денсаулығында кінарат болуы, қаназдық, кальций жетіспеушілігі, айналып келгенде болашақ сәбидің бойында кемістік болуына әкеліп соғады екен. Дәрігерлер жиі дабыл қағып жүрген «Отбасын жоспарлау» талабының да бір ұшы осында жатыр. Яғни, өз денсаулығын қалпына келтіріп алмай, жиі бала көтерудің салдары құрсақтағы нәрестенің сау-саламат жетілуіне жол бермей жатады. КӨКТЕМДЕ АСҚЫНАТЫН АРУЛАР БАР Қыс мезгілі аяқталып, көктемнің басталған шағында тұмаудың екінші ағыны келеді. Бұл вирустың генетикалық құрылымы әрдайым өзгеріп тұрады. Адам ағзасындағы иммундуқ жүйе оны аурудан қорғау үшін жаңа құрылымдарды анықтауға қауқарсыз болады. Ғалымдардың айтуы бойынша, соңғы 60 жылда тұмаудың мүлдем бөлек түрлері пайда болуда. Бұл вирус олар пневмания және басқа да бактериялы инфекцияларды туғызумен де қауіпті. Аурумен күрес оның алдын алудан басталады дейді мамандар. Расында адам ағзасы үшін ерте көктемдегі кезеңнің де өзіндік қиындықтары бар. Бұл кезде ағза әлсіз, иммунитет біршама төмен, сондықтан кейбір созылмалы аурулар осы кезде асқынып кетуі мүмкін. Осы тұста, емханада артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, бронх тұншықпасы, асқазан жарасы, ревматоидтты полиартритке, В,С гепатиті ауруларына арналған кейбір дәрі-дәрмектер тегін берілетінін айта кеткен жөн. Иә, әдетте көпшілігіміз көктем жақындағанда көңіл күйіміздің нашарлағанын, жұмысқа деген қабілетіміз төмендеп, енжарлық пайда болғанын байқаймыз. Дәрігерлер мұндай белгі адам бойындағы дәрумендер қорының азайғанын білдіретінін айтады. Себебі дәрумен жетіспегендіктен, денеде әлсіздік пайда болады екен. Халқымыз көктемді «қараөзек шақ» немесе «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп атайтыны да осыдан болса керек. Бүгінде Қосшылық ақ халаттылар тұрғындарға көктемгі әлсіздіктен құтылу үшін дәрумендерге бай әрі құнарлы тағамдарды молынан пайдалануды ескертеді. Сондай-ақ олар, дерттің алдын алу шараларын түсіндіруді де қолға алған. Жалпы тәжірибелік дәрігер Жанна Болатқызының айтуынша, дәрумен жетіспеушілігіне, әсіресе, орта жастан асқан адамдар жиі ұшырайды екен. «Дәрумен жетіспеген кезде бас айналып, ұйқышылдық басады. Адам әлсіреп, жұмысқа қабілеті төмендеп, дел салдық күйін кешеді. Тез шаршайды. Жүйкесі жұқарып, сәл нәрсеге ашу шақырады. Кейде қан қысымы төмендейді. Тіпті тырнақтың реңкі өзгеріп, қаншалықты күтіммен қарасаң да, қалпына келмейді. Онда сызықтар мен дақтар пайда болады. Дененің терісі құрғап, тіпті қабыршақтанып кетеді. Бұндай кезде бұрыннан созылмалы аурумен ауыратын адамдардың дерті қайта қозса, кейбіреулер жаңадан ауру жұқтыруы мүмкін. Әсіресе, ер адамдарға қарағанда әйелдер дәрумен тапшылығына жиі ұшырайды. Өйткені жүктілік, өзге де физиологиялық жағдайлар ағзадағы дәрумендерге әсерін тигізіп отырады. Сондықтан біздің емханада жүкті әйелдерге ерекше назар аударылады. Осы тұста, көктемгі маусымның басында біз тұрғындарға өз денсаулықтарына көңіл бөлуге және иммундық жүйені нығайтуға кеңес береміз. Белсенді өмір салтын бастаңыз! Мұны істеу үшін спорт залдарына барудың қажеті жоқ, күнделікті таңертең, түстен кейін, кешке ұйықтар алдында таза ауада серуендеу жеткілікті. Таңертең жаяу жүріп, жаттығу жасаудың да пайдасы зор. Өкініштісі, қанша жерден айтқанымызбен адамдар спортқа келгенде жалқаулық танытады. Сондай-ақ, күн сәулесі ағзаға жағымды әсер ететінін, D дәрумені қорын толықтыратынын, көңіл-күйді жақсартатынын, метаболизм мен қан айналымын ынталандыратынын және иммундық жүйеге жағымды әсер ететінін есте ұстаған жөн. Алайда Қосшыдағы ауа райын ескере, яғни D дәруменін пайдалануға кеңес береміз. Тыныш әрі қалыпты ұйқы иммунитетті нығайтудың, шаршау мен тітіркену деңгейін төмендетудің маңызды факторы болып табылады”, -дейді дәрігер. Зерттеу жұмысының мәліметіне сүйенсек, дене жаттығуларын жасаған кезде адамның миында сан мыңдаған үдерістер орын алады. Ағзадан эндорфин гормоны мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адамның есте сақтау қабілеті жақсарып, көңіл күйі көтеріңкі болады екен. Дәрігерлердің айтуынша, дәрумен жетіспеушілігінің түрлі себептері бар. Біріншіден, дәрумендер ағзаға жеткіліксіз мөлшерде түссе, екіншіден, ас қорыту жүйесінің ауруларынан дәрумендер ағзаға сіңбейді. Дәрумен жетіспеушілігі, әсіресе, көктемгі уақытта ерекше байқалады. Егер осы кезде ағзадағы дәрумендер қорын толтырып отырмаса, эндокринді жүйенің жұмысы нашарлап, созылмалы аурулардың өршу қаупі артады екен. Бұған қоса ауа райының өзгеруі де адамның көңіл күйіне әсерін тигізеді. Әрі адамдардың көпшілігі қыста аз қимылдайды да, көктем шыққанда қимыл-қозғалысты үдетеді. Осы кезде жұқарып тұрған иммундық жүйеміз бірден әлсірейді. Адамдардың көпшілігінің қан қысымы төмендеп, басы ауырады. Бұған қоса көктемде күн бір жылып, бір суып тұратындықтан, көп адамдар суық тигізіп алады. Сөйтіп көктемгі әлсіздікке тап болады екен. «Дәруменді-минералды кешенді препараттар ағзаның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көмектеседі. Суық тиюден сақтаныңыз. Қысқы киімді тастауға асықпаңыз.Тыныс жолдарының инфекцияларынан сақ болыңыз, яғни қарапайым гигиена және суықтың алдын-алу ережелерін сақтаңыз. Уақытылы жыл сайынғы вакцинациядан өтіңіз. Егер созылмалы ауру болса, дәрігерге баруды және профилактикалық емдеу курсынан өтуді ұмытпаңыз, денсаулықты жақсартуға шипажайларға барсаңыз тіпті жақсы. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін!”,-деп ойын аяқтады Жанна Болатқызы. Тәні саудың жаны сау. Кез-келген елдің болашағы оның халқының денсаулығына байланысты екені сөзсіз түсінікті. Қосшы қаласының дәрігерлері де тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстанып, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу қажеттігін айтады. Ендеше, көктемнің шуақты күндерінде ағзаңыз аурумен күресіп қана алтын уақытыңызды алмасын деп тілейміз. Ол үшін жоғарыда айтылған дәрігердің кеңесіне сәйкес алдын ала сақтану шараларына мұқият болғаныңыз абзал.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *